Қарағанды облысында өзеннен үш адамның мәйіті табылды

Қарағанды облысында өзеннен үш адамның мәйіті табылды
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қарағанды облысында балық аулауға кеткен үш адам, оның ішінде бір әйел суға батып көз жұмды. Құтқарушылар олардың денесін түнгі іздестіру жұмыстары кезінде тапты. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше, 17 қарашада таңғы сағат 06:00 шамасында 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жердегі өзенге балық аулауға кеткен. Алайда үшеуі де үйіне оралмаған.

Олардың жоғалғаны туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне сол күні сағат 23:40-та түскен. Құтқарушылар дереу іздестіру жұмыстарына кіріскен. Алайда қараңғы уақытта жүргізілген операция бірқатар қиындық туғызған.

Іздеу барысында құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратын, тепловизоры бар дүрбіні, сүңгуір жабдықтарын және Starlink спутниктік байланыс жүйесін пайдаланған.

«18 қарашада сағат 01:18-де, хабар түскеннен кейін 1 сағат 38 минут өткен соң, құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан», – делінген ТЖД хабарламасында.

Алдын ала мәлімет бойынша, балықшылар мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен. Сондай-ақ марқұмдардың үстінде құтқару кеудешелері болмағаны анықталды.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу