«Самұрық-Қазына» департамент директорының ұсталуына қатысты пікір білдірді

«Самұрық-Қазына» департамент директорының ұсталуына қатысты пікір білдірді
Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ

Елдегі ірі мемлекеттік активтерді басқаратын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры тағы бір басшысының ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

11 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ұсталған еді. Бұл туралы ақпарат 12 қарашада тараған кезде, одан бір күн бұрын, 10 қарашада қордың Сатып алу әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай мен ҚТЖ-ның тағы екі басшысының ұсталғаны да хабарланды.

Politico.kz-тің аталған үш директордың ұсталуына қатысты сауалына жауап берген Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растағанымен, нақты кімдердің ұсталғанын ашып айтпады.

Осыдан кейін тілшіміз «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметіне шықты.

«Қолда бар ақпаратқа сай, Қор департаменттері бірінің қызметкерін қамауға алу оның бұрынғы еңбек қызметіне қатысты екенін және қазіргі лауазымдық міндеттерін орындауға қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді қор.

Біздің дереккөздің хабарлауынша, аталған үш директор да жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген. Сот олардың әрқайсысын 2 айға қамауға санкция берген.

Еске салайық, ҰҚК бұған дейін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің, сондай-ақ басқа да адамдардың жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын растаған. 14 қарашада сот екі басшыны қамауға алуға санкция берді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу