“Ішімдік ішуге кеткен”: СҚО-да қызын өрт ішінде қалдырған анаға сот үкімі шықты

08.05.2026 21:58 Қарақат АСЫЛОВА
“Ішімдік ішуге кеткен”: СҚО-да қызын өрт ішінде қалдырған анаға сот үкімі шықты
1057
Қызын үйге қамап кеткен әйел 1,5 жылға сотталды

СҚО-да бес жасар қызын үйде жалғыз қалдырып, өзі ішімдік ішуге кеткен әйелге үкім шықты. Қайғылы оқиға салдарынан өрт ішінде қалған бүлдіршін көз жұмды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға 18 қаңтар күні кешке болған. 33 жастағы әйел бірге тұратын азаматымен көршілерге ішімдік ішуге кетіп, бес жасар қызын үйде жалғыз қалдырған. Тергеу мәліметінше, ол үйдің есігін сыртынан құлыптап кеткен. Сол түні үйден өрт шыққан.

Куәгерлер жалын шарпыған үйді көріп, көмекке ұмтылған. Әйелдің бірге тұратын азаматы терезе арқылы кірмек болғанымен, қою түтін мен өрт оған мүмкіндік бермеген.

Өрт сөндірілгеннен кейін үй ішінен қыз баланың мәйіті табылды. Болжам бойынша, бүлдіршін жалыннан қорғану үшін диванның артына тығылған.

Сарапшылар өрттің шығуына ашық от көзі сіріңке немесе толық сөндірілмеген темекі себеп болуы мүмкін екенін айтады. Қатты күйік салдарынан мамандар нақты өлім уақытын да анықтай алмаған.

Сотта әйел кінәсін мойындап, қызын жақсы көретінін айтқан. Алайда сот оны баланы қауіпті жағдайда қалдырып, абайсызда өліміне себеп болды деп таныды.

Нәтижесінде әйел 1,5 жылға қауіпсіздігі төмен колонияға сотталды. Бұл бап бойынша ең төменгі жаза саналады. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий