«Кемеге мінген жоқпын»: Министрлік туыстары алаңдаған екі сарбаздың видеосын жариялады
Айнар Ахметовтің туыстары оның Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде судан өз күшімен шыққанын айтқан еді. Ал Қорғаныс министрлігі таратқан видеода сарбаз сол күні жағалауда болғанын, кемеге мінбегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Ведомство Айнар Ахметов пен Әли Мағауияның туыстарының мәлімдемелерінен кейін Ақтаудағы әскери бөлімде түсірілген бейнежазбаны жариялады. Мерзімді қызметтегі екі сарбаз 24 қыркүйекте қайда болғанын айтып берді.
«Мен сол күні теңіз жағалауында болдым. Кемеге мінген жоқпын. Өзіме берілген міндетті, яғни теңіз жағалауын күзетуді атқардым», деді Әли Мағауия.
Оның сөзінше, сол күні телефон қолдануға рұқсат беріліп, ата-анасына аман екенін жеткізген.
Айнар Ахметов те жағалауда болғанын айтты.
«24 қыркүйек күні теңіз жағалауында болдым. Кемеге мінген жоқпын», деді ол.
Оқиғадан кейін жақындарымен хабарласқаны туралы сұраққа сарбаз: «Иә, хабарластым. Өзімнің хәл-жағдайымды айтып, менде бәрі жақсы екенін жеткіздім», деп жауап берді.
Айта кетейік, бұған дейін Айнардың туыстары оның суда болып, жағаға өзі шыққанын, алайда ресми хабарланған үш адамның арасында есімі болмағанын айтқан. Сонымен қатар кейін байланысқа шықпай кеткеніне алаңдаған.
Министрлік екі сарбаздың да оқу-жаттығуға қатысқанын растады. Ведомствоның түсіндіруінше, екеуі міндетін жағалауда атқарған.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспийдегі «Хазар Қорғаны 2026» оқу-жаттығуы кезінде 17 әскери қызметшіні толқын алып кеткен. Үшеуі судан аман шығып, 14 адам қаза тапқан.
Соңғы жаңалықтар