Каспийдегі оқиғағада екі сарбаз неге есепте жоқ: министрлік жауап берді

28.09.2026 • 10:03 Әсел МҰРАТ
Каспийдегі оқиғағада екі сарбаз неге есепте жоқ: министрлік жауап берді
425
Фото: ашық дереккөз

Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы таралып жатқан ақпаратқа байланысты хабарлама таратты, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрліктің мәліметінше, әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады.

«Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды.Қазіргі уақытта аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр», - делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, сондай-ақ қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырады.

24 қыркүйек күні Ақтауда оқу-жаттығу кезінде ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 14-і қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. 

Осы оқиғадан кейін мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 

Аталған оқиға бойынша тергеу екі баппен жүргізіліп жатыр. Бас прокуратура іс бойынша күдікті лауазымды адамдар анықталғанын хабарлады. 

Осы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін орнынан алып тастады. Сондай-ақ президент Қорғаныс министрлігіндегі ахуалды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрды.

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің аппаратына Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуді тапсырды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.

Войдите, чтобы оставить комментарий