«Күйеу баласы енесіне шай ішуге келген»: Алматыда 65 жастағы зейнеткерді зорлаған

20.08.2026 16:49 Әсел МҰРАТ
«Күйеу баласы енесіне шай ішуге келген»: Алматыда 65 жастағы зейнеткерді зорлаған
255
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Алматыда 1961 жылы туған әйелге қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеті жасалды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Алматы қаласының прокуратурасына істі бақылауға алып, тергеу әрекеттерін жедел жүргізуді сұрап үндеу жасады.

Тансәрінің айтуынша, оқиға 17 тамызда болған. Зардап шеккен әйелдің туған күйеу баласы оған күндіз шай ішуге келген. Әйелдің денсаулығына байланысты дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оған сексуалдық сипаттағы зорлық әрекетін жасады деген күдік бар.

Оқиға болған күні-ақ полицияға арыз жазылған. Алайда Дина Тансәрінің мәліметінше, зардап шеккен әйелді сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін полиция берген қаулы дұрыс рәсімделмеген. Соның салдарынан сараптама жүргізілетін мекеме құжатты қабылдамаған.
 
Осылайша оқиғадан кейін бірнеше күн өтсе де, әйел сот-медициналық сараптамадан өте алмаған.

«Біз Алматы қаласының прокурорынан бұл іске шұғыл араласуды талап етеміз», – деді Дина Тансәрі.

Қоғам белсендісі күдіктінің бостандықта жүргеніне де алаңдаушылық білдірді. Оның пікірінше, бұл жағдай зардап шеккен әйел мен оның отбасы мүшелеріне ықтимал қысым көрсету қаупін арттырады.

Істің отбасылық қыры да ерекше назар аудартады. Күдікті – зардап шеккен әйелдің туған күйеу баласы. Ал полицияға арыз жазған оның өз әйелі, яғни зардап шеккен әйелдің қызы.

Тансәрінің мәліметінше, жәбірленуші үш жыл бұрын ауыр жол апатына түсіп, денсаулығына байланысты қиындыққа тап болған. Қазіргі уақытта оның қызы үш баланы тәрбиелеп отыр, олардың бірі ерекше күтімді қажет етеді. Осындай қиын жағдайға қарамастан, ол анасының қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау үшін күйеуіне қатысты арыз жазған.

Дина Тансәрі бұл жағдайды әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі аясында қарастыру қажеттігін айтып, құқық қорғау органдарын істі барынша мұқият әрі заң талаптарына сай жүргізуге шақырды.

«Бұл отбасы қазір өте ауыр жағдайды бастан өткеріп отыр. Біз прокурордан істі жеке бақылауына алып, сараптаманың шұғыл жүргізілуін және тергеудің заң талаптарына сәйкес қамтамасыз етілуін сұраймыз», – деді ол.

Сонымен қатар, Дина Тансәрі адвокаттар мен құқық қорғаушыларды зардап шеккен әйел мен оның отбасына ақысыз заң көмегін көрсетуге шақырды.


 

Войдите, чтобы оставить комментарий