Маңғыстауда шенеуніктер 600 млн теңгеге қатысты күмәнді схемаға ілінді
Маңғыстау облысында прокуратура тексерісі кезінде мемлекеттік мекемелердегі ірі қаржылық заңбұзушылықтар әшкереленді, деп хабарлайды Politico.kz.
Қадағалау органының мәліметінше, Ақтау қаласы мен Бейнеу ауданындағы бірнеше лауазымды тұлға бюджет қаражатын заң талаптарын бұза отырып жұмсаған. Әсіресе, мемлекеттік сатып алу саласында елеулі кемшіліктер анықталған.
Тексеру барысында Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 592 миллион теңгеге сатып алуды бір көзден заңсыз ұйымдастырғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, Ақтау қаласының құрылыс бөлімі мен Бейнеу ауданындағы Тұрыш ауылы әкімдігі мердігерлер іс жүзінде орындамаған жұмыстар үшін бюджеттен 29,5 миллион теңге аударған.
Прокуратура барлық заңбұзушылықтың жойылғанын мәлімдеді. Жауапты шенеуніктер тәртіптік жазаға тартылып, оларға қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту берілген.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік мұндай көлемдегі бюджет қаржысына қатысты заңбұзушылық үшін қатаңырақ жаза қолданылуы тиіс екенін айтуда.
Соңғы жаңалықтар