Марқұм фельдшер Ұлдананың анасы күйеу баласының тойына қатысты үн қатты (ВИДЕО)
Астанада адам өмірін құтқарам деп қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы қызының өліміне қатысты істе бұрынғы күйеу баласын жәбірленуші мәртебесінен айыруды сұрады, деп хабарлайды Politico.kz.
29 шілде күні Тараздағы мейрамханалардың бірінде марқұмның күйеуі Зейнел Әділеттің әйелінің өлімінен 8 ай өткен соң екінші рет шаңырақ көтергені белгілі болған. Осы оқиғадан кейін Ұлдананың анасы Салима Ершанқұлқызы арнайы видеоүндеу жазып, оны отбасының заңгері Нұрсұлтан Орынбеков желіде жариялады.
Анасының сөзіне қарағанда, бұрынғы күйеу баласы жаңа неке туралы ескертпеген әрі марқұмның артында қалған мүліктеріне қатысты да шешілмеген мәселелер бар. Ол бұл жағдайды арнайы бейнежазбада түсіндіріп өтті.
«Көпшіліктің сұрауы бойынша алдарыңызға шығып отырмын. Әділеттің бүгінгі іс-әрекеті бойынша, алдарыңыздан өтті ме деп жатыр. Жоқ, ата-анасы да, үлкендері де алдымыздан өткен жоқ. Тағы айта кететін жағдай, қызымның тергеуі болып жатыр. Әділет жәбірленуші ретінде танылған. Енді бұл жәбірленуші ретінде бас тартқанын қалаймын. Заң талабына сәйкес қызымның 17 жасынан жинақталған зейнет қорындағы ақшасы Әділетке берілді. Маңдай терімен алған көлігі 18 қарашадан 22 шілдеге дейін Әділетте болып, жақында ғана ата-анасына қалдырылып біздің атымызға аударылды. Анасы ретінде қызымның заңды мүдделерін қорғауға өз ниетімді білдіремін», – деді Салима Ершанқұлқызы.
Отбасының сенімді өкілі Нұрсұлтан Орынбековтің мәлімдеуінше, қазіргі таңда фельдшердің қазасына қатысты қылмыстық іс аяқталуда және тараптар іс материалдарымен танысып жатыр. Бұған дейін Ұлдананың әпкесі Сымбат Мырзуан да желіде сіңлісінің есімі қайта атала бастағанына байланысты жүрекжарды жазба қалдырған болатын.
Еске салайық, Астанадағы «Даналық» медициналық колледжінің түлегі әрі Байқоңыр аудандық жедел жәрдем станциясының аға фельдшері Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың 8 қарашасында шақырту кезінде қайғылы жағдайға ұшыраған еді. Көпқабатты үйдің кірпіш қаптамасы құлаған сәтте 23 жастағы маман 2 адамды аман алып қалып, келесі тұрғынға көмектесуге ұмтылған кезде үстіне ауыр кондиционер құлап кеткен.
Дәрігерлер 10 күн бойы күрескенімен, жас маман 18 қарашада ауруханада көз жұмды. Сол күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлдана Мырзуан қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ерлігі үшін мемлекеттік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қазіргі кезде оның есімін ұлықтау мақсатында Түркістан облысы Жетісай ауданы Үтіртөбе ауылындағы амбулаторияға мемориалдық тақта орнатылған. Оның қазасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге арнайы хат жолдап көңіл айтса, Денсаулық сақтау министрлігі алқа отырысын 1 минут үнсіздікпен бастаған болатын.
Соңғы жаңалықтар