ДДҰ басшысы Ханс Клюге қазақстандықтарға көңіл айтты

21.11.2025 17:46 Арман Ермеков
ДДҰ басшысы Ханс Клюге қазақстандықтарға көңіл айтты
0
405
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Ханс Клюге

Қазақстанның қабырғасын қайыстырған қос трагедия халықаралық қауымдастықты да бей-жай қалдырмады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының директоры Ханс Клюге елімізге арнайы хат жолдады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады, деп жазады Politico.kz.

Шетелдік маман Астанада қызмет барысында қаза тапқан фельдшер мен Түркістан облысындағы бір үйдің түтінін өшірген алапат өртке байланысты терең күйзелісін білдірді.

«Құрметті Министр ханым, Адамдарды құтқару міндетін атқару кезінде Астанада жас медицина қызметкерінің қаза болуына байланысты шынайы көңіл білдіремін. Түркістан облысының Алғабас ауылында 9 баланы қоса алғанда, үлкен отбасының қаза болуына байланысты Қазақстанға аса қайғырып көңіл айтамыз. Балалардың өрттен қаза болуы — аса ауыр қайғы, жақындарының қандай қасірет шеккенін елестету мүмкін емес. Қажет болған жағдайда ДДҰ көмек көрсетуге дайын. Қайғыларыңызға ортақтасамыз, құрметті Министр ханым», – деді Ханс Клюге өз хатында.

Ұлдана Мырзуан

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы қайғылы оқиға 8 қарашада болған еді. Науқасқа асыққан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне ғимараттан ауыр кондиционер құлап кеткен. Дәрігерлер он күн бойы жанталасып, оның өмірі үшін күрескенімен, бойжеткен 18 қарашада аурухана төсегінде көз жұмды.

Ержүрек қызға қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалі тағайындалды. Марқұмның сүйегі кеше Қосшы қаласында жер қойнына тапсырылды.

Министрлік қаралы отбасына берілетін төлемдер мәселесі жайлы айтты. Алайда марқұмның жақындары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қорғаушы тарап кінәлілер жазадан сытылып кетпеуі үшін істі Қылмыстық кодекстің неғұрлым ауыр бабына ауыстыруды талап етіп отыр.

Алғабас ауылындағы өрт

Еске сала кетейік, 18 қараша күні Түркістан облысы Алғабас ауылындағы жер үйден шыққан өрт үлкен шаңырақты ортасына түсірді. Қызыл жалыннан 12 адам ажал құшты, олардың тоғызы кәмелетке толмаған балалар. Ең кішісі биыл ғана 2024 жылы дүниеге келген нәресте.

Президенттің тапсырмасымен құрылған Үкіметтік комиссия оқиғаның мән-жайын анықтайтын болып шықты.

Сол күні марқұмдардың алтауының сүйегі жер қойнына тапсырылды. Үкіметтік комиссия басшысы Қанат Бозымбаев тергеудің алдын ала қорытындысын жариялаған болатын. 19 қарашда апаттан аман қалғандардың бірі есін жиды

Бұл жағдай Үкімет басшысының да назарынан тыс қалмады, премьер-министр өрт қауіпсіздігі мәселесін қатаң сынға алып, шұғыл тапсырмалар жүктеді.

ТЖМ 12 адамның өмірін қиған өрттің негізгі себебі электр ұзартқыш болуы мүмкін деген нұсқаны қарастыруда.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий