Мәсімовтың самурай қылышы мемлекет пайдасына сатылды
Бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, экс-премьер-министр Карим Масимовке тиесілі болған самурай қылышы электронды саудада қомақты сомаға өтті, деп хабарлайды Politico.kz сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.
e-Qazyna порталындағы лот мәліметіне сәйкес, «Самурай қылышы қынабымен» атауымен жарияланған бұйым 3 413 825 теңгеге сатылған. Сипаттамада қылыш жүзінің болаттан жасалғаны, бойында айқын, бірақ терең емес жүлгесі бар екені көрсетілген. Қынабы қара түсті материалдан, ал сабының металдан жасалып, сұр түсті геометриялық өрнекпен көмкерілгені айтылған.
Еске салайық, Қаңтар оқиғасы кезінде Мәсімов ұсталып, кейін мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алуға әрекеттену және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша айыпталған еді. 2023 жылдың сәуірінде сот оны 18 жылға бас бостандығынан айырды. 2026 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша, ол жазасын өтеуді жалғастырып жатыр. Бұған дейін берілген кешірім жасау туралы өтініші қанағаттандырылмаған.
Экс-шенеуніктің Астанадағы зәулім үйі мен антиквариат заттарын қоса алғанда, тәркіленген мүлкі мемлекет пайдасына сатылымға шығарылуда. Ал самурай қылышының жоғары бағаға өтуі қоғамда қызу талқы тудырды.
Соңғы жаңалықтар