Мемлекет басшысы Ерлан Қаринге жаңа маңызды қызметті сеніп тапсырды
Ерлан Қарин жаңа қызметке тағайындалып, бұрынғы лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Politico.kz.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Тынымбайұлы Қарин Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды", — делінген Ақорданың хабарламасында.
Ерлан Тынымбайұлы Қарин – 1976 жылы Түркістан облысының Ақсу ауылында дүниеге келген саяси ғылымдарының кандидаты өзінің еңбек жолын Ақтөбедегі мектептердің бірінде мұғалім болып бастаған. Кейіннен саяси зерттеулер саласына ауысып, Қазақстан даму институты мен Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде басшылық қызметтерді атқарған. Ол әр жылдары үкімет басшысының кеңесшісі, «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары және антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы болды.
Ерлан Қарин елдің ішкі саясатында ұзақ жылдар бойы маңызды қызметтер атқарып, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын және «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарды. Бұған қоса ол АҚШ-тың Вашингтон қаласындағы Америка университетінде арнайы шақырылған профессор ретінде дәріс оқыған.
2019 жылдан бері мемлекет басшысының кеңесшісі әрі көмекшісі ретінде еңбек еткен саясаткер 2022 жылы алдымен Мемлекеттік хатшы, кейіннен Мемлекеттік кеңесші лауазымдарына тағайындалған еді. Ол терроризм, тарих және саясат тақырыптарына арналған бірнеше зерттеу кітабының авторы ретінде белгілі әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін «Құрмет», екінші дәрежелі «Достық» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.
Соңғы жаңалықтар