Жақыпов ұсталған соң «Барыс» бапкерінен клубтың қаржыландыруы туралы сұрады
«Барыс» хоккей клубының бас бапкері Михаил Кравец «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты сұраққа әзілмен жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Sports24kz басылымының мәліметінше, «Барыс» клубы «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен қаржыландырылады.
Құрлықтық хоккей лигасында «Адмиралды» 4:2 есебімен жеңгеннен кейін журналистер Кравецтен қор басшысының ұсталғаны команда ішінде талқыланды ма деп сұраған. Сондай-ақ клубтың алдағы қаржыландыруына кепілдік бар-жоғын білгісі келген.
Бапкер бұл жаңалықты ойын басталар алдында ғана естігенін айтып, Астанада шашылған ақшаға қатысты әзілдеді.
«Біз мұнда не болып жатқанынан хабарсыз болдық. Егер білгенде, бәлкім, бәріміз чемодандар лақтырылған жерге барар ма едік. Сол дұрыс болар еді. Ал біз жаттығуға кетіппіз, сәл басқа жаққа барыппыз. Маған бұл туралы ойын алдында айтты. Сонда біз басқа шаруамен айналысып жүр екенбіз, чемодандарды қағып алу керек еді дедім. Дегенмен бәрі жақсы болып, демеушілеріміз қалады деп үміттенемін. «Барыстың» да жағдайы жақсы болады деп сенемін», – деді Михаил Кравец.
Бас бапкер клуб үшін демеушілердің қолдауы маңызды екенін атап өтті. Ол «Барыстың» Құрлықтық хоккей лигасындағы Қазақстан атынан өнер көрсететін жалғыз команда екенін еске салды.
«Менің ойымша, демеушілердің қолдауы қажет. Бұл қаржы тек команда үшін емес. Команданың ойыны арқылы жанкүйерлер де қуанышқа бөленеді. Сондықтан қолдау хоккей көруге келетін көрермендер үшін де маңызды. Оларға алғысым шексіз. Бүгін жеңіске жеткенімізге қуаныштымын. Бәрі тағы да жақсы әсер алды», – деді бапкер.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің терезесінен чемодандағы АҚШ долларына ұқсас купюралар шашылғаны түсірілген бейнежазба тараған.
Кейбір БАҚ пен желі қолданушылары бұл жағдайды «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталуымен байланыстырды. Алайда екі оқиғаның бір-біріне қатысы бар екені әзірге расталған жоқ.
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар