«Мені кешірші»: Нұрай Серікбайдың ағасы сот үкімінен кейін жүрекжарды жазба жариялады
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот үкімі шыққаннан кейін марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде қарындасына арнап жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Сұлтан Серікбай отбасы үшін Нұрайдың қазасынан кейінгі ең басты мақсат әділдікке қол жеткізу болғанын жазды. Ол осы жолда бар күшін салып жүргенін айтып, қарындасынан кешірім сұрады.
«Нұрайка, әділдік орнауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмын. Мені кешірші… Сені қорғап қала алмадым…» – деп жазды ол.
Бұған дейін марқұмның ағасы отбасы үшін материалдық өтемақыдан гөрі, Нұрайдың өліміне кінәлі адамның заң алдында қатаң жазаға тартылуы маңызды екенін айтқан.
Жақындарының сөзінше, отбасы бірнеше ай бойы істің сотқа жетуі және кінәлі адамның жауапқа тартылуы үшін күрескен. Олар қажетті дәлелдерді жинап, істің соңына дейін жеткізілуіне күш салған.
Еске салайық, 13 тамызда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Шерхан Аймаханды Нұрай Серікбайдың өліміне кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сот оны сталкинг, некеге тұруға мәжбүрлеу және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша кінәлі деп тапты.
Соңғы жаңалықтар