«Мені қамап тастаса да...»: Қазақ тілі үшін шырылдап жүрген заңгер Мейірман Шекеев істі болды
Заңгер Мейірман Шекеев өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның сөзінше, істің ашылуына Алматы қалалық прокуратурасы жүргізген сараптама қорытындысы себеп болған. Қазірше тергеудің қандай бап бойынша жүріп жатқаны және нақты неден басталғаны белгісіз.
«Алматы қаласының прокуратурасы сараптама жүргізіп, қылмыстық іс қозғағаны анықталды», – деді Мейірман Шекеев.
Шекеев мұны өзінің әлеуметтік желідегі белсенділігімен байланыстырады.
Мейірман Шекеевтің айтуынша, оның қазіргі жағдайы ана тілін және Қазақстанның мемлекеттік тілін қорғауға байланысты туындап отыр.
«Біз ана тілімізді, яғни Қазақстанның мемлекеттік тілі ретінде бекітілген қазақ тілін қорғағанымыз үшін осындай жағдайға тап болып отырмыз. Бұл – адам сенгісіз нәрсе. Көпшілік те бұған таңғалып, бас шайқап жатыр. Мен ешқашан заң бұзған емеспін. Тілім үшін соңына дейін күресуге дайынмын», – деді заңгер.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желідегі оқырмандарын арандатушылық сипаттағы пікірлер жазбауға шақырды.
«Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Сондықтан сіздерден де осы видеоның астына ұлтаралық араздыққа себеп болуы мүмкін пікірлер қалдырмауды сұраймын. Мені қамауға алса да, артымда мыңдаған Мейірман бар екенін түсініп отырмын. Қазір парақшам тәулік бойы бақылауда», – деді Шекеев.
Заңгер мәселенің тағы бір түсініксіз тұсына тоқталды. Оның сөзінше, бұған дейін тіл мәселесіне қатысты әртүрлі азаматтардың әрекетіне байланысты бірнеше рет арыз жазған. Алайда олардың ешқайсысына қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.
«Бұл жағдайдың тағы бір түсініксіз тұсы – тілге қатысты арандатушы сөздер айтқан адамдарға ешқандай іс қозғалмады. Мен олардың барлығына қатысты арыз түсірдім, бірақ бірде-бір іс қаралған жоқ. Ал Қазақстанның мемлекеттік тілін қорғаған маған қатысты керісінше, түрлі сылтау іздеп, іс қозғады», – деді Мейірман Шекеев.
Ал құқық қорғау органдары тарапынан бұл жағдайға қатысты әлі ешқандай ресми түсініктеме берілген жоқ.
Соңғы жаңалықтар