«Менің ұлыма қысым көрсетті»: Құлсарыдағы мектепте балтамен шабуыл жасаған оқушының анасы мәлімдеме жасады
Құлсары қаласындағы №6 мектепте болған оқиғаға қатысты жағдай ушығып барады, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқушының анасы Мәншүк Жиембетова ұлының бұл әрекетке себепсіз бармағанын айтты. Оның сөзінше, оқиға болған күні баласын сабақ үстінен басқа сыныптың төрт оқушысы шақырып алған. Мектептің дәретханасында бұрыннан қайталанып жүрген қысым көрсету жағдайы тағы орын алған.Анасының айтуынша, жасөспірім дәретханадан шыққаннан кейін бір жерден балта тауып алған. Одан кейінгі жағдай тергеу нысанына айналды.
Әйелдің сөзінше, ұлы өткен күзден бері өзін басқа мектепке ауыстыруды бірнеше рет сұраған. Бұған себеп – қатарластары тарапынан көрсетілген қысым. Алайда ата-анасы оны соңғы оқу жылын осы мектепте аяқтауға көндірген. Отбасы басқа оқушыларға қатысты арыз жазбаған және татуласуға үміттеніп отыр.
Сонымен қатар, оқиға болған №6 мектептің маңында ата-аналардың бастамасымен жиналыс өтті. Олар мектеп директорын қызметіне қайтаруды талап етіп, оның жұмыстан кетуін әділетсіз деп санайтынын білдірді.Білім басқармасының мәліметінше, қызметтік тексерістен кейін директорға қатаң сөгіс жарияланып, артынша ол өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш берген.
Қазіргі таңда сотта бір отырыс өтіп, жасөспірімге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Ол үйқамаққа алынып, мектепке барып сабаққа қатысуға рұқсат етілді.
Алдағы уақытта Құлсарыға Оқу-ағарту министрлігінің комиссиясы келмек. Комиссия тек аталған мектепті ғана емес, өңірдегі өзге де білім беру ұйымдарын буллингтің алдын алу және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексеруді жоспарлап отыр.
Соңғы жаңалықтар