Назарбаевтардың байлығы қайда кетті: Арманжан Байтасов бар шындықты айтты

29.06.2026 09:25 Әсел МҰРАТ
Назарбаевтардың байлығы қайда кетті: Арманжан Байтасов бар шындықты айтты
309
Фото: ашық дереккөз

Қазақстан және Грузиядағы Forbes франшизасының иесі, кәсіпкер Арманжан Байтасов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының Forbes Kazakhstan рейтингінен әр кезеңде не себепті алынып тасталғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы кәсіпкер журналист Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында айтты.

Сұхбат барысында Шишкин Дариға Назарбаева, Қайрат Сатыбалды және Нұрбол Назарбаевтың әр жылдары Қазақстанның ең бай адамдары тізіміне еніп, кейін рейтингтен жоғалып кеткеніне назар аударды. Оның сөзінше, бұл жағдай қоғамда түрлі сұрақ туғызған. Осыған байланысты журналист мұндай өзгерістерге саяси қысым әсер етті ме, әлде бәрі Forbes әдістемесіне байланысты ма деген сауал қойды.

Арманжан Байтасовтың айтуынша, Forbes Kazakhstan рейтингі тек ашық әрі расталған ақпарат негізінде жасалады. Егер белгілі бір адамның активтері немесе капиталы туралы мәліметтерді растау мүмкін болмаса, редакция ондай ақпаратты рейтингке енгізбейді.

«Біз Forbes рейтингін жасағанда тек ашық дереккөздерге сүйенеміз. Егер қандай да бір ақпараттың дұрыстығына күмән туса немесе оны дәлелдеу мүмкін болмаса, ондай мәліметті жарияламаймыз», – деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, бұл тәсіл редакцияны құқықтық тәуекелдерден қорғайды. Себебі дәлелденбеген ақпарат жарияланған жағдайда сот дауы туындауы мүмкін.

Журналист Назарбаевтар әулетіне қатысты кейбір ақпарат көздері қолжетімсіз болып қалғандықтан рейтинг өзгерді ме деген сұрақ та қойды.

Байтасов бұл мәселеге нақты жауап бере алмайтынын айтып, Дариға Назарбаеваның көп жағдайда Forbes рейтингінде болғанын, тек кейбір жылдары ғана тізімнен уақытша түсіп қалғанын жеткізді.

Дариға Назарбаева, Қайрат Сатыбалды және Нұрбол Назарбаевтың Forbes рейтингіндегі өзгерістер

Дариға Назарбаева 2013 жылы 595 миллион долларлық байлығымен Forbes Kazakhstan рейтингінде 13-орынға ие болды. Кейін бірнеше жыл бойы тізімде болмағанымен, 2022 жылы 594 миллион долларлық капиталымен қайтадан 13-орынға оралды.

Қайрат Сатыбалды 2018 жылғы рейтингте 163 миллион долларлық дәулетімен 36-орында тұрған. Алайда кейін оның есімі Forbes тізімінен алынып тасталды.

Ал Нұрбол Назарбаев 2025 жылы 179 миллион долларлық байлығымен рейтингтің 57-сатысына енген еді. Бірақ 2026 жылғы Forbes Kazakhstan тізімінде оның аты-жөні көрсетілмеді.

Байтасовтың айтуынша, Нұрбол Назарбаевтың рейтингтен шығарылуы оның банкроттық рәсіміне байланысты болуы мүмкін.

«Егер белгілі бір деректі дәлелдей алмайтынымызды түсінсек, оны жарияламаймыз. Ал Нұрбол Назарбаевқа қатысты жағдай белгілі. Менің білуімше, банкроттық туралы өтініш бергеннен кейін ол рейтингтен шығарылды», – деді ол.

Forbes ең бай адамдар рейтингін қалай жасайды?

Арманжан Байтасов байлықты бағалау барысында айырмашылықтар болуы қалыпты жағдай екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда Forbes рейтингіне енуі мүмкін дәулетті азаматтар аз емес. Алайда олардың активтері туралы ашық ақпарат жеткіліксіз болғандықтан, олар тізімге енгізілмейді.

Сонымен қатар кәсіпкер капиталдың шығу тегі де басты талаптардың бірі екенін атап өтті.

«Біз тек заңды жолмен қалыптасқан және шығу тегі түсінікті капиталды есептейміз. Ал жасырын немесе дәлелденбеген қаржы көздерін анықтау біздің міндетіміз емес. Біз құқық қорғау немесе қаржылық бақылау органдарының қызметін атқармаймыз», – деді Байтасов.

Оның айтуынша, Forbes редакциясы ашық ақпаратпен ғана жұмыс істейтіндіктен, расталмаған байлық туралы мәлімет рейтингке енгізілмейді.

Войдите, чтобы оставить комментарий