«Некеге тұруға мәжбүрлеу»: Нұрайдың қазасына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды 

23.01.2026 16:24 Әсел Мұрат Әсел Мұрат
«Некеге тұруға мәжбүрлеу»: Нұрайдың қазасына қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды 
224
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте танысының қолынан қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ісі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.

Қылмыстық іс 125-баптың 1-бөлігі «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған. Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров хабарлады.

«Нұрайдың ісі бойынша Қылмыстық кодексінің 125-1-бабымен (некеге тұруға мәжбүрлеу) қылмыстық іс тіркелді. Елді дүрліктірген осы қылмыстық іс Президентіміздің тікелей бақылауында тұр. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінен арнайы комиссия келген, білікті полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылған. Осы қылмыстық іс бойынша толықтылық пен жан-жақтылық қамтамасыз етіліп, әділ, сапалы тергеу жүргізіледі деп сенім білдіремін», - деп жазды адвокат.

Бұған дейін ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің үстінен«салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Сонымен қатар полиция департаментінің бүкіл басшылығы қызметінен босатылды.

Айта кетейік,  20 қаңтарда Ұлттық құрылтайда Тоқаев Нұрайдың өліміне байланысты пікір білдіріп, ішкі істер министріне Шымкент полициясының әрекетіне құқықтық баға беруге тапсырма берді.

Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы аяусыз пышақтап өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткені жөнінде ақпарат тарады. Кейіннен қылмысты жасады деген күдікпен 28 жастағы күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.

Бұған дейін марқұм 21 жастағы Нұрай Серікбайдың туған-туыстары қайғылы оқиғаның алдын алуға мүмкіндік болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, марқұм қудалау мен қорқыту деректері бойынша бірнеше рет көмек сұрап құқық қорғау органдарына жүгінген, алайда полиция өтініштерді тиісті деңгейде қарамаған.
 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий