"Олар сотталмайды": Мәйіті Жайықтан табылған баланың анасы әділдік іздейді

13.04.2026 09:43 Арман Ермеков
908
Фото: kz.kursiv.media

Атырау облысында 13 жастағы ұлы Жайық өзенінде жұмбақ жағдайда қайтыс болған ана істің әділ өтуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Kursiv.media.

2024 жылы 21 тамызда 7 сынып оқушысы Мерлан Сана құрдастарымен Жайық жағасына барып, суға кеткен. Жасөспірімнің мәйіті 4 күннен кейін табылған. Марқұмның анасы Анаргүл Қасантаева баласының кісі қолынан қаза тапқанына сенімді.

Қылмыстық іс бастапқыда абайсызда қазаға ұшырату бабы бойынша қозғалып, кейін 3 рет жабылған. Қорғаушы Инга Иманбайдың сөзінше, 2025 жылдың 14 сәуірінде құзырлы органдар қылмыс құрамы жоқ деген негізбен тергеуді тоқтатты.

«Анасының қолындағы дәлел-дәйектер әрекеттің қасақана жасалғанын көрсетеді. Мерланды алдын ала шақырғанын, оған дейін араларында жанжал болғанын дәлелдеп тұр. Сол дәлел негізінде істі қайта ашып, қылмыстық кодекстің 99-бабына ауыстырғымыз келеді», – деді Инга Иманбай.

Адвокат тергеушілердің бұл шешімі заңға да, адамгершілікке де қайшы екенін жеткізді. Оның сөзінше, тергеушілер марқұмның анасына «балалар кәмелетке толмаған, олар сотталмайды» деп айтқан.

«Алайда қылмыстық кодекске сәйкес, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері, ұрлық, қарақшылық, тонау және басқа да ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылық 14 жастан басталады. Яғни, Сану Мерланды қасақана суға итеріп жіберген жасөспірімдер заң бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылады. «Кәмелетке толмаған» ұғымын ақтау ретінде көрсету – заңды бұрмалау», – мәлімдеді қорғаушы.

Анаргүл Қасантаева 2024 жылдың қыркүйегінде болған оқиғаны еске алды. Баласы қайтыс болғаннан кейін мектеп директоры оны ата-аналар жиналысына шақырған.

«Сол кезде «баламды жер қойнына тапсырғаныма бір апта енді болды, бара алмаймын» дедім. «Қызыңызға қатысты» деген соң бардым. Жанымда қызым да болды. Ол жерде ата-аналар жиналысы емес, баламды өлтірген Ж.Б.-ның да ата-анасын шақырған екен. Оқушыны басқа кабинетке кіргізіп қойыпты. Мектептің директоры менің кешірім беруімді талап етті. «Жайықтың жағасында не болғанын сіз де білмейсіз, мен де білмеймін» деді. «Осы істі әріге апармаңыз, балалық қой» деді», – деді Анаргүл Қасантаева.

Анасының айтуынша, 16 жастағы оқушы 13 жастағы ұлын су жағасында күтіп алып өлтірген.

«Кешірім бермесең, ата-ана құқығыңнан айырамын» деді. Қызым жанымда тұрды. «Есік сындырдың, терезе сындырдың» деп жала жапты. Содан кейін қызым «мектепке бармаймын» деп шешті», – дейді марқұмның анасы.

Қазір күдікті оқушы мен марқұмның қарындасы Аянат 10 сыныпта оқиды. Екеуі мектепте жиі кездесіп қалады.

«Бір көргенінде қызыма «енді сенің кезегің» деп айтыпты. Мұны сынып жетекшісіне айттым. Өзімнің үш балам бар еді, бірін жер қойнына тапсырдым. Бірі Алматыда оқып жатыр, жанымдағы қызым үшін қорқамын. Сол үшін оқуын онлайнға ауыстыруды сұрадым.

Қайта-қайта қысым жасады. Бір жыл бойы онлайн оқуға мүмкіндік бермеді. Тек оқу жылы аяқталар тұста рұқсат етті. Биылғы оқу жылында директорға «қызымды мектепке жібере алмаймын. Мектепке барса, қауіпсіздігіне сіз жауап бересіз бе?» деп сұрадым. «Жоқ, қызың үшін жауапкершілік алмаймын» деді. Содан сабаққа барған жоқ. Қызым 10-11 сыныпты мүлде оқыған жоқ», – деді Анаргүл Қасантаева.

Қазір марқұмның отбасы қылмыстық істі кісі өлтіру бабы бойынша қайта қозғап, әділ тергеу жүргізуді сұрап отыр.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий