Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұсталды

09.07.2026 09:51 Әсел МҰРАТ
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов ұсталды
305
Фото: instagram.com/dictaturazakona

Астанада үш көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан кейін оқиға орнынан кетіп қалған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, бұл оқиғаға күдікті 2016 жылғы Олимпиада чемпионы және әлем чемпионы Данияр Елеусінов болуы мүмкін.

Бұл туралы заңгер Жасұлан Рахымғалиев хабарлады.

Заңгердің айтуынша, «102» арнасына Төле би мен Халифа бен Заид аль-Нахаян көшелерінің қиылысында («Хан Шатыр» СОО маңы) үш автокөліктің қатысуымен жол апаты болғаны туралы хабарлама түскен. 

Жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған, мемлекеттік нөмірі 001 EDM 01 «Toyota Land Cruiser» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнынан бой тасалап, қашып кеткен.

«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде аталған көлік Достық көшесінің бойында, дәл осы «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығына қарама-қарсы тұста қолға түсті. Рөлде 1991 жылы туған азамат Елеусінов Данияр Маратұлының болғаны және оның мас күйінде көлік басқарғаны анықталды. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция нарядтары жұмыс істеп, тиісті тексеріс шаралары жүргізіліп жатыр», - деп жазды заңгер.

Осы оқиғаға қатысты Астана полициясынан пікір сұрадық.

«Астанада бірнеше автокөлік зақымданған екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі бірнеше автокөлікпен соқтығысып, оқиға орындарынан бой тасалаған. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған көлікті анықтап, Достық көшесінде тоқтатты. Көлік тізгінінде алкогольдік масаңдық белгілері бар 35 жастағы ер адам болған. Жол-көлік оқиғалары салдарынан зардап шеккендер жоқ.Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде. Оның қорытындысы бойынша жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады», - делінген полиция хабарламасында.

Полиция жауапкершілік адамның танымалдығына, мамандығына, лауазымына немесе еңбегіне байланысты емес екенін ескертті. Заңды бұзып, жауапкершіліктен жалтаруға әрекеттенген әрбір адам заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады.

Айта кету керек, 10 жыл бұрын боксшы Данияр Елеусінов Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий