Оралда 10 жасар қыз жәбір көрген соң шенеуніктерге қарсы қылмыстық іс қозғалды
Батыс Қазақстан облысында 10 жасар қыздың зорлануына қатысты қозғалған қылмыстық іс аясында жергілікті әкімдік қызметкерлерінің үстінен жеке іс тіркелді. Мектеп жолында қажетті қауіпсіздік шараларын орындамаған шенеуніктер «Салғырттық» бабы бойынша күдікке ілініп отыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты ХАА «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 29 қыркүйек күні Орал қаласына қарасты Зачаган кентіндегі №20 орта мектеп маңында болған еді. Бастапқыда Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті кәмелетке толмаған балаға қатысты заңға қайшы әрекет жасалу фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалғанын мәлімдеген болатын.
Орал қаласының прокуроры Мейірхан Ізімовтің сөзінше, қылмыс орын алмай тұрып, ата-аналар жергілікті әкімдікке бірнеше рет шағымданған. Олар мектепке баратын жолдағы қауіпті бұталарды кесуді және қараңғы көшеге жарық орнатуды табанды түрде сұраған. Алайда, Зачаган кентінің әкімшілігі бұл талаптарға көңіл бөлмей, қажетті шараларды уақытында қолданбаған.
Осы салғырттық әрекеттері үшін Зачаган кенті әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабы (Салғырттық) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Полиция департаменті тергеу басқармасының қызметкерлері бұл істің тіркелгенін растады.
Прокурордың айтуынша, қазіргі таңда қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, процессуалдық шешім қабылданатын болады.
Әкімдік қауіпсіздік шараларын қылмыс орын алғаннан кейін ғана қолға алған. Мектеп жолындағы бұталар қайғылы жағдайдан кейін кесіліп, қауіпті орындар тазартылған. Қазіргі таңда 10 жасар қызды зорлау фактісі бойынша негізгі тергеу амалдары да жалғасуда.
Соңғы жаңалықтар