Пара алғаны үшін сотталған экс-әкім атағынан айырылды
Абай облысы прокуратурасының наразылығымен Бесқарағай ауданының бұрынғы әкімі «Құрметті азаматтар» тізімінен шығарылды, деп хабарлайды Politico.kz.
Абай облысы прокуратурасы Бесқарағай аудандық мәслихатының бұрынғы аудан әкімі Нұрлан Сыдықовқа «Ауданның құрметті азаматы» атағын беру туралы шешімінің заңдылығын тексерді.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес «Абай облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағы мінсіз еңбегі мен қоғам тарапынан мойындалған елеулі қоғамдық пайдалы нәтижелері бар жетістіктері үшін азаматтарға беріледі.
Нұрлан Сыдықов Жарма ауданының әкімі қызметін атқара отырып, сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған және Жарма аудандық сотының үкімімен сотталған.
Бұрын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы болған тұлғаға мұндай атақ беруге жол берілмейді.
Абай облысы прокуратурасының наразылығы бойынша аудандық мәслихаттың шешімімен экс-әкім «Ауданның құрметті азаматы» атағына ие болған адамдар тізімінен шығарылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін пара алғаны үшін сотталған бұрынғы әкім Нұрлан Сыдықов Абай облысы Бесқарағай ауданының «Құрметті азаматы» атанғаны хабарланған еді.
Аталған шешім 2025 жылы 18 желтоқсанда өткен аудандық мәслихат сессиясында қабылданған. Депутаттар дауыс беру арқылы үздіктер тізімін бекітіп, сол қатарға бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін жауапқа тартылған экс-әкімнің де есімі енген.
Нұрлан Сыдықов 2013–2015 жылдары Бесқарағай ауданын басқарған. Кейін Жарма ауданының әкімі қызметіне тағайындалып, алайда 2018 жылы кәсіпкерден 1 миллион теңге пара талап еткені үшін ұсталып, сотталған.
Сот үкімінде ультракүлгін шаммен тексеру барысында Сыдықовтың қолынан арнайы люминесцент ұнтақтың ізі табылғаны, ал ақша купюраларында «ПАРА» деген жазудың анық байқалғаны көрсетілген. Нәтижесінде ол 30 миллион теңге айыппұл төлеуге және өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылған.
Соған қарамастан, мәслихат сайтында жарияланған құжатта экс-әкімнің аудан дамуына қосқан үлесі ғана аталып, оның соттылығы туралы мәлімет көрсетілмеген.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Сыдықовтың соттылығы өтелген. Осы себепті оның кандидатурасын қарауға және «Құрметті азамат» атағын беруге заңдық кедергі болмаған. Мәслихат депутаттары бұл шешімді бірауыздан қолдаған.
Соңғы жаңалықтар