Павлодар облысында депутат ұсталды
20 шілдеде алты жұмысшы қаза тапқан Aqtogai Milk кәсіпорнының иесі Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі кәсіпкер Александр Терентьев ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл ақпаратты тілшімізге Павлодар облысының Полиция департаменті растады.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге мәліметтер жарияланбайды.
Еске салайық, қайғылы оқиға 20 шілдеде Павлодар облысының Ақтоғай ауданындағы Aqtogai Milk сүт кәсіпорнының аумағында болған. Жабдыққа қызмет көрсету кезінде алты жұмысшы қаза тауып, тағы бір ер адам ауруханаға жеткізілген. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға улану себеп болуы мүмкін.
Қазір қайғылы жағдайдың мән-жайын арнайы комиссия мен құқық қорғау органдары анықтап жатыр.
Кәсіпорын иесі, Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі кәсіпкер Александр Терентьев жұмысшылардың қаза болғанын растаған. Ол компания марқұмдардың отбасыларына қажетті көмектің барлығын көрсететінін мәлімдеді.
Соңғы жаңалықтар