Петропавлда зауытта жұмысшыны ауыр күйік шалды

08.07.2026 16:14 Әсел МҰРАТ
 Петропавлда зауытта жұмысшыны ауыр күйік шалды
161
Фото: qaz-media.kz

Петропавлдағы бетон зауытында техникалық май құйылған цистернадан өрт шыққан, деп хабарлайды Politico.kz.

Салдарынан қызметкерлердің бірінің денесінің басым бөлігін күйік шалды. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр.

Оқиға 8 шілде күні таңғы сағат 10:00 шамасында жол құрылысына арналған бетон өндірумен және сатумен айналысатын кәсіпорын аумағында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, техникалық май сақталған цистерналардың бірінде өрт шыққан. Сол сәтте маңайда жоспарлы түрде жабдықтарды тексеріп жүрген 51 жастағы оператор болған. Ер адамға лапылдаған ыстық техникалық май шашыраған.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы зардап шеккен азаматтың денесінің шамамен 95 пайызын II–III дәрежелі термиялық күйік шалғанын анықтады. Ол Петропавлдағы көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта науқас жансақтау бөлімінде, жағдайы аса ауыр.

Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Тергеу барысында өрт пен жарылыстың нақты себептері, сондай-ақ кәсіпорында өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталған-сақталмағаны анықталады.

Войдите, чтобы оставить комментарий