«Подъезде пышақтап жүрді»: Ақтауда екі айлық сәбидің өліміне қатысты көршілері тың дерекпен бөлісті

07.04.2026 10:30 Арман Ермеков
«Подъезде пышақтап жүрді»: Ақтауда екі айлық сәбидің өліміне қатысты көршілері тың дерекпен бөлісті
346
Ақтаудағы 2 айлық нәресте өлімі | Фото бейнеден алынған скрин

Ақтауда екі айлық нәрестенің өліміне қатысты жаңа деректер шығып, ішімдікке салынған анасының күйеуін пышақтағаны белгілі болды, деп хабарлайды Politico.kz порталы «Информбюроға» сілтеме жасап.

Ақтауда 4 сәуірде ауруханада көз жұмған 2 айлық нәрестенің отбасына қатысты көршілері тың ақпараттармен бөлісті. Тұрғындардың сөзінше 6 қабатта тұратын 32 жастағы әйел мен оның күйеуі үнемі ішімдік ішіп үйде күнде жанжал шығарған. Тіпті бейнебақылау камерасына әйелдің өз күйеуін пышақпен тілгілеп тастағаны және жарақат алған азаматтың пәтерден атып шыққан сәті түсіп қалған.

«Күнде айқай-шу, жиі-жиі болып тұрады мұндай жағдай. Ал бізге жұмыстан келгеннен кейін тыныштық керек. Ерлі-зайыптылар деген күні-түні ішеді, онымен бір-бірімен қырылады. Өткендері подъезде пышақтап, қолына ұстап жүрді. Қорқамыз», – деді Ақтау қаласының тұрғыны Гүлзира Нарембай.

Көршілер әкесі мен шешесі мас болып жатқанда кішкентай сәби қараусыз қалып шетінеп кетуі мүмкін деп болжайды. Ал пәтерді әйел жалғызбасты ана ретінде мемлекеттен алған дейді тұрғындар.

«Түнде спиртной әкеліп ішіп, таңға дейін шулап, солай жасайды. Енді өзім естуім бойныша екі баласы бар деді. Ол екі баласы анасымен тұрады деді. Бұл жақта екі баланың кіріп-шығып жатқанын көрген жоқпыз өз көзімізбен. Келіп тексерсе екен, мұқтаж адамға берсе екен», – дейді сол жердің тұрғыны.

Тұрғындар бұл жанұяның шуы туралы полицияға бірнеше рет шағымданғанымен тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбаған.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті бұл отбасы бұған дейін де бақылауда болғанын және былтыр қараша айында учаскелік инспектор профилактикалық жұмыс жүргізгенін алға тартты. Одан бөлек баланың әкесі 1 жыл ішінде тыныштықты бұзғаны үшін 4 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, алғашқы тексеру кезінде зорлық әрекеттерінің белгілері анықталмаған. Қазір оқиғаның толық себептерін анықтау үшін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді департамент өкілдері.

Анықталғандай әйел кішкентай сәбиін ауруханаға өзі апарған кезде дәрігерлер баланың жүрегі тоқтап қалғанын білген. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жалғасып жатыр және полиция әзірге ешкімнің күдікке ілінбегенін жеткізді.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий