Президент: Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды
Өмірді ғажайыпқа толы сиқырлы әлем деп қабылдауға болмайды, оған біліммен және дайындықпен қадам басу керек. Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға осы түсінікті сіңірудің маңызын айтты, деп хабарлайды Politico.kz.
Президенттің сөзінше, өскелең ұрпақты еңбекқор, білімге құштар әрі ізденімпаз етіп тәрбиелеу қажет.
«Біз балалардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін ескеруге, оларды шынайы өмірде де, виртуалды кеңістікте де қорғауға міндеттіміз. Ең бастысы – өскелең ұрпаққа аса қажетті дүниемен, атап айтқанда, жарқын келешекпен, нақты мүмкіндіктермен қамтамасыз етіп, оларға есейгенде мақсат-мұратына жетуге ынталандыратындай жағдай жасау. Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанның өсіп-өркендеуі әрқайсымыздың қаншалықты үлес қосатынымызға байланысты», – деді Тоқаев.
Президент қоғамның дүниетанымы өзгеріп, тазалық, еңбекқорлық, адалдық пен өзара сыйластық ұлттық дағдыға айналып келе жатқанын айтты.
«Тазалық, еңбекқорлық, адалдық, өзара сыйластық қасиеттері ұлттық дағдымызға айналып жатыр. «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бастысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекетіміздің конституциялық міндеті саналады. Осындай елдік маңызы зор іске сіздер, жалпы ұстаздар қауымы мол үлес қосып жатсыздар. Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын», – деді президент.
Бұған дейін Тоқаев кітап оқуды жастарды үстірт ойлаудан және ақпарат тасқынына жұтылып кетуден сақтайтын «рухани қалқан» деп атаған еді.
Соңғы жаңалықтар