"Қамауға алынады": Динара Сәтжан ақтөбелік емшіге қатысты сот шешімінен кейін жазба жариялады

14.08.2026 12:35 Мөлдір ҚАЙНАР
252
Фото: коллаж politico.kz

Танымал тележүргізуші әрі кәсіпкер Динара Сәтжан өзіне тіл тигізген ақтөбелік емші Бағдагүлге қатысты сот үкімі шыққаннан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның сөзінше, бірнеше ай бұрын емші әлеуметтік желіде өзіне, Баян Мақсатқызына және өзге де танымал тұлғаларға тіл тигізіп, ауыр айыптар таққан болатын. Тележүргізуші желіде сөз таластырмай, мәселені заң жүзінде шешуге бел буғанын атап өтті.

"Дауласпадық, әлеуметтік желіде оны желіктіріп, кері реакция жасамадық. Біз тек сотқа бердік. Кеше Баян екеуіміз сотта жеңіске жеттік", – деді Динара Сәтжан.

Сот шешімімен емшіге 1,5 млн теңге айыппұл салынды. Бұл қаражат мемлекет пайдасына өндіріледі. Сондай-ақ тележүргізуші мұндай әрекет қайталанса, емшіге әкімшілік қамау жазасы қолданылуы мүмкін екенін жеткізді.

"Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек", – деді ол.

Динара Сәтжан алда қорлау дерегіне қатысты тағы бір сот отырысы күтіп тұрғанын мәлімдеп, желі қолданушыларын өзгенің ар-намысына тиетін сөз айтудан сақ болуға шақырды.

"Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес. Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу", – деп түйіндеді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий