Қарағандыда пышақ ұстаған жасөспірім оқушыға шабуыл жасамақ болған

19.05.2026 11:50 Әсел Мұрат
Қарағандыда пышақ ұстаған жасөспірім оқушыға шабуыл жасамақ болған
176
Фото: әлеуметтік желіден

Threads әлеуметтік желісінде Қарағанды тұрғыны өзінің 8 жастағы ұлын бірнеше апта бойы 12 жастағы жасөспірімнің аңдып жүргенін жазды, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, 17 мамыр күні жағдай тіпті ушығып, әлгі жасөспірім қолына пышақ алып, баланың соңынан қуған.

Баланың анасы өзі мен туыстары жасөспірімді тоқтатып, қолындағы пышақты тартып алғанын айтты. Осыдан кейін олар полицияға жүгінген.

Сондай-ақ әйел оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразылық білдірді.

«XXI ғасырда осылай қудалауға ұшырау қалыпты жағдай ма? Полиция біреуді өлтіріп кеткенде ғана арыз қабылдай ма?!» — деп ашуланды ол.

Әйелдің сөзінше, жасөспірімнің отбасы болған жағдайдың қаншалықты ауыр екенін түсінбеген. Бұл оның өз баласының қауіпсіздігіне алаңдауына себеп болған. Анасының айтуынша, ұлы қазір көшеге жалғыз шығудан қорқатын болған.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 17 мамыр күні Қазыбек би аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне тұрғын үйлердің бірінің ауласында белгісіз жасөспірімнің қолына пышақ ұстап, баланы қуғаны туралы хабарлама түскенін мәлімдеді.

«Тексеру барысында 8 жастағы баланың үйіне қайтып келе жатқан сәтінде оның соңынан қолына пышақ ұстаған 12 жастағы жасөспірім жүгіргені анықталды. Кейін олардың көрші тұратыны белгілі болды», — деп хабарлады полиция.

Ведомство мәліметінше, жасөспірімнің кім екені жедел анықталып, ол заңды өкілдерімен бірге полиция бөліміне жеткізілген. Кәмелетке толмаған бала және оның ата-анасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар психологтың қатысуымен екі балаға да тиісті психологиялық көмек көрсетілген.

Полиция өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта балалардың заңды өкілдерінің бір-біріне қатысты ешқандай шағымы жоқ.

Войдите, чтобы оставить комментарий