«Қазақмыс» екі кенішке инвестиция құятын болды
Қазақмыс «Жомарт» және «Жыланды» кеніштерінің дамуына инвестиция салады, деп хабарлайды Politico.kz.
Корпорация басшылығы «Жомарт» және «Жыланды» кеніштерінің ұжымымен кездесті.
Кездесуде өнеркәсіптік қауіпсіздік, жаңғырту және инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері талқыланып, еңбекті қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Компания өзіне жүктелген әлеуметтік міндеттерді орындап, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда. Қаржы геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге, тау-кен техникасы паркін жаңартуға және жаңа өндірістік нысандар салуға бағытталуда. Бұл шаралар «Жомарт» кенішінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, «Жыланды» кенішінің өндірістік әлеуетін ұлғайтуға жол ашады.
«Жыланды» кеніші аумағындағы «Батыс Сарыоба» шахтасында ауқымды тау-кен жұмыстар жүргізіледі. Желдету жүйесін қамтамасыз ету үшін шахта оқпандарын жарақтандыру, конвейер желісін тарту және жерүсті инфрақұрылымды дамыту жоспарланған. 2029 жылға дейін кеніштің өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып, жылдық кен өндіру көлемін 3 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға жеткізу көзделіп отыр.
«Жомарт» кенішінде үшінші желдету оқпанының құрылысы қолға алынды. Нысанды 2027 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар кен орнының батыс және шығыс бөліктерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу қарастырылған.
2026 жылы Жезқазған өңірінде кен қорын нақтылау әрі ұлғайту мақсатында 73 645 қума метр көлемінде геологиялық барлау жұмыстары жүзеге асырылады. Нәтижесінде шамамен 5,38 млн тонна кен қорының өсімі күтіледі.
Кездесу барысында қызметкерлер қосалқы бөлшектер мен резервтік техниканың жеткіліктілігі, олардың сапасы және жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелерін талқылады. «Жомарт» және «Жыланды» кеніштерінде жөндеу бригадаларын күшейту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Қосалқы бөлшектер сапасы тұрақты бақылауға алынды.
Бұдан бөлек, жерасты автобустарын тиімді пайдалану және өздігінен жүретін техниканы ұқыпты қолдану мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ «Жомарт» кенішінің жатақханасындағы орын тапшылығы жеке талқыланды.
Соңғы жаңалықтар