«Қазақмыс» өндірістегі қауіпсіздік мәселесі бойынша 60-тан аса кездесу өткізді
«Қазақмыс» тобында Safety Stand Down форматындағы жұмыскерлермен өткізілген кездесулердің алғашқы циклы аяқталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мамыр айының бірінші жартысында компания басшылығы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесін талқылау мақсатында еңбек ұжымдарымен тікелей диалог жүргізу үшін негізгі өндірістік алаңдарға барды.
Кездесу компанияның барлық өндірістік активтерін қамтыды. Диалог мыс балқыту зауыттарында, байыту фабрикаларында, Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Нұрқазған, Қарағайлы өндірістік алаңдарында, сондай-ақ Шатыркөлден бастап Жомартқа дейінгі кеніштерде өтті. Жалпы алғанда, алғашқы цикл аясында 5 мыңнан астам жұмыскерді қамтыған 60-тан аса кездесу өткізілді.
Кәсіпорындардың қызмет бағыты әртүрлі болғанмен, барлық жерде әңгіме бір мәселе, яғни, өндірістік жоспарды қауіпсіздік талабына қайшы келтірмей орындау төңірегінде өрбіді. Нарядтық учаскелер мен цехтарда қызметкерлердің күнделікті жұмыста кездесетін нақты тәуекелдері талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша компанияның өндірістік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс негізгі қағидаттар бекітілді:
- Қауіпсіздік – басты басымдық: адам өміріне қауіп төндіретін кез келген жұмыс тоқтатылуы тиіс;
- Жазасыз жауапкершілік: айқын тәуекел анықталған жағдайда өндірістік үдерісті тоқтатқан қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылмайды;
- Кері байланыс: «бес минуттық кездесу» форматы басшылыққа өндірістегі нақты мәселені жабдықпен тікелей жұмыс істейтін жұмыскерлерден естуге мүмкіндік берді.
Safety Stand Down алғашқы циклының аяқталуы жүйелі жұмыстың басы ғана. 2026 жыл корпорацияда Қауіпсіздік жылы деп жарияланды және тоқтату жиналысын өткізу тәжірибесі тұрақты сипатқа ие болады. Компания жұмыскердің қауіпсіздігі сөзсіз басымдық әрі ортақ жауапкершілік болып табылатын нөлдік жарақат мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шараларды кезең-кезеңімен күшейтуде.
Соңғы жаңалықтар