Қазақстанда 2035 жылға қарай халықтың 80 пайызы көгілдір отынмен қамтылады

07.07.2026 10:37 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстанда 2035 жылға қарай халықтың 80 пайызы көгілдір отынмен қамтылады
141
Фото: magnific.com

Астанада өткен Үкімет отырысында 2035 жылға қарай еліміздің барлық өңірлерін табиғи газбен қамтуды 80 пайызға жеткізу жоспары жарияланды. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда көгілдір отынға 13,1 млн адам немесе халықтың 64,2 пайызы қол жеткізген. Биыл газ тасымалдау жүйесін дамыту үшін 40 жоба іске асырылады, оның 33-і жаңа жоба. Әсіресе еліміздің солтүстігін газдандыруға баса назар аударылып отыр. Осы мақсатта Қазақстан Үкіметі мен "Газпром" компаниясы арасында "Есіл – Астана" магистральдық газ құбырын салу туралы меморандум бекітілген. Бұл Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты жабдықтауға және бағыттарды әртараптандыруға жол ашады.

"Елімізді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша газ транзиті – 70,4 млрд текше метр, 2026 жылға арналған жоспар – 73,3 млрд текше метр. 2026 жылдың 5 айындағы нақты көрсеткіш 30,3 млрд текше метрді құрады", – деді министр.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін тауарлық газ өндіру көлемін 29,6 пайызға арттыру көзделіп отыр. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 млрд текше метрге дейін ұлғаймақ.

"Өсім Қашаған мен Қарашығанақта қайта өңдеу қуаттарын іске қосу есебінен қамтамасыз етілетін болады, бұл инфрақұрылымды кеңейтуге және өңірлерді газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді. 2027-2030 жылдар аралығында тауарлық газдың қосымша көлемі 1,6 млрд текше метрге, 2031 жылы – 2,3 млрд текше метрге, ал 2032 жылы 6,6 млрд текше метрге жетеді", – деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.

2025 жылдың қазан айында "Талдықорған – Үшарал" магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді. Бұдан бөлек осы жылдың соңында "Бейнеу – Бозой – Шымкент" газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңі аяқталуы тиіс. Оның екінші кезеңі 2029 жылы толық іске қосылғанда тауарлық газдың қуаты жылына 15 млрд текше метрге дейін артады.

"2027 жылы Қашағанда қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр болатын ГӨЗ және Жаңаөзенде қуаттылығы жылына 0,9 млрд текше метр болатын ҚазГӨЗ пайдалануға беріледі деп күтілуде. 2030 жылға қарай Қашағанда қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр болатын ГӨЗ, сондай-ақ Қарашығанақта қуаттылығы жылына 5 млрд текше метр болатын ГӨЗ іске қосу көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру газды қайта өңдеуді ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен жабдықтауға мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Экономика мен халықтың қажеттілігін өтеу мақсатында жаңа перспективалы кен орындарын игерудің 2035 жылға дейінгі жоспары бекітілген. Оның аясында 30 кен орнын игеру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде QazaqGaz компаниясымен 9 келісімшарт жасалған, оның алтауы барлау, үшеуі өндіру сатысында тұр. Жобаларды жүзеге асыру мерзімі 2047 жылдан 2069 жылға дейін деп есептелген.

Бұған дейін 2023 және 2025 жылдар аралығында Анабай, Барханная, Рожковское және Батыс Прорва кен орындары өнеркәсіптік деңгейде игеріле бастады. Оған қоса 2027 жылы Батыс Прорва кен орнының екінші кезеңімен бірге Малдыбай, Придорожное және Өріктау кен орындары пайдалануға берілмек.

Войдите, чтобы оставить комментарий