Қазақстандықтардың зейнетақысына қатысты күтпеген өзгеріс: Министрлік мәлімдеме жасады

11.07.2026 17:24 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстандықтардың зейнетақысына қатысты күтпеген өзгеріс: Министрлік мәлімдеме жасады
195
Фото: Politico.kz

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарына қатысты мемлекеттік кепілдікті алып тастау туралы қоғамда тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік кепілдік 2003 жылдан бері қолданылып келеді. Ол кезде азаматтардың зейнетақы жинақтарын қалай инвестициялау керектігін мемлекет өзі айқындап, салымшылардың басқарушы компанияны таңдауға мүмкіндігі болмаған. Сондықтан мемлекет инвестициялық табыстылық инфляциядан төмен болған жағдайда айырмашылықты өтеуді өз мойнына алған.

Алайда қазіргі таңда салымшыларға зейнетақы активтерін басқаратын компанияны және инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдау құқығы берілген. Осыған байланысты министрлік мемлекеттік кепілдіктің бастапқы құқықтық әрі экономикалық негізі өзектілігін жоғалтқанын мәлімдеді.

«Егер азамат инвестициялық шешімді өзі қабылдап, табыс пен тәуекелді өзі бағаласа, онда сол шешімнің нәтижесі үшін мемлекет өтемақы төлеуге міндетті болмауы тиіс. Бұл – мемлекеттік қаражатты әділ пайдалану қағидатына сәйкес келеді», – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар ведомство мемлекеттік кепілдіктің бір реттік өтемақы түрінде ғана төленетінін және оның азаматтардың ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің көлеміне ұзақ мерзімді әсер етпейтінін атап өтті.

Министрлік ұсынылып отырған өзгерістер мемлекет зейнетақы жинақтарының сақталуына жауапкершіліктен бас тартады дегенді білдірмейтінін де ерекше айтты. Зейнетақы активтерін басқару жүйесі бұрынғыдай көпдеңгейлі мемлекеттік бақылауда қала береді.

Войдите, чтобы оставить комментарий