Қазақстанға миллиардтаған доллар құйылды: Экспорт көрсеткіші рекордқа жетті
Қазақстанның сыртқы саудасындағы оң сальдо маусым айында 4,4 миллиард долларға жетіп, бір ай ішінде төрт есеге жуық өсті, деп хабарлайды Politico.kz.
Сарапшылар мұны экспорт көлемінің айтарлықтай артуымен байланыстырып, ел экономикасы мен теңге үшін қолайлы фактор деп бағалап отыр.
Маусымда Қазақстан 9,8 миллиард доллардың тауарын шетелге экспорттаған. Мамыр айында бұл көрсеткіш 6,1 миллиард доллар болған. Ал импорт көлемі 5,1 миллиард доллардан 5,4 миллиард долларға дейін ғана өскен.
Осылайша, маусым қорытындысы бойынша сауда балансының профициті 4,4 миллиард долларды құрады. Мамырда көрсеткіш шамамен 1 миллиард доллар болған.
Сарапшылардың пікірінше, экспорттың өсуі елге түсетін валюталық түсімді арттырады. Бұл өз кезегінде төлем балансына, халықаралық резервтерге және ұлттық валютаға фундаменталды қолдау бере алады.
Маусымдағы көрсеткіш соңғы кемінде он жылдағы ең жоғары айлық профицит болып отыр. Бұған дейінгі рекорд 2022 жылы тіркеліп, 3,7 миллиард долларды құраған. Биылғы маусым көрсеткіші одан шамамен 20 пайызға жоғары.
Жыл басынан бері де оң динамика байқалады. Қаңтар-маусым айларында Қазақстанның сауда балансының профициті 8,9 миллиард долларға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 7,3 миллиард доллардан 21,5 пайызға көп.
Экспорттың ішінде өңделген және шикізаттық емес тауарлардың үлесі де артып келеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан 15,2 миллиард долларға өңделген өнім экспорттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,6 пайызға жоғары.
Қазақстандық өнімге сұраныс бірқатар шетелдік нарықта айтарлықтай өскен. Мәселен, Түркияға экспорт екі есеге артып, 1,91 миллиард долларға жетті. Ұлыбританияға жеткізілім 2,7 есеге өсіп, 671,8 миллион долларды құрады. Қытайға экспорт 12,1 пайызға артып, 3,67 миллиард долларға жеткен.
Экспорттық тауарлардың негізгі бөлігін мыс пен мыс катодтары, уран, ферроқорытпа және күміс құрайды. Сонымен қатар күнбағыс майы мен мал азығына арналған өнімдер сияқты өңделген тауарлардың экспорты да өсіп келеді.
Сарапшылар қысқа мерзімде экспорттың артуы елдегі шетел валютасының ұсынысын көбейтіп, теңгеге қолдау көрсетуі мүмкін екенін айтады. Алайда ұлттық валюта бағамына мұнай бағасы, капитал қозғалысы, Ұлттық банктің операциялары, бюджет ағындары және әлемдік қаржы нарығындағы жағдай секілді басқа да факторлар әсер етеді.
Мамандардың пікірінше, экспорттың тұрақты өсуі өндіріс көлемін арттырумен және өнімді терең өңдеумен қатар жүрсе, бұл Қазақстан экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар