Тоқаев ҰҚК-нің жаңа төрағасына міндеттер жүктеді

Тоқаев ҰҚК-нің жаңа төрағасына міндеттер жүктеді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті ведомство басшылығына таныстырып, бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді.

Президент ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен Тәртіп» қағидатының орындалуына, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заң бұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу, басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы тапсырма берді», – делінген Ақорда хабарламасында.

Еске салайық, бүгін, 16 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетін 2022 жылғы қаңтардан бері басқарып келген Ермек Сағымбаев қызметінен босатылды. Оның орнына бұған дейін ҰҚК төрағасының орынбасары болған Марат Ирменов тағайындалды.

Бұл кадрлық өзгеріс «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиев пен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың және өзге де адамдардың сыбайлас жемқорлық күдігімен ұсталуынан кейін болып отыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған адамдарға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растаған еді.

Ал 13 қарашада Президент Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.

Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қабылдады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу