Қостанайда ерекше қажеттілігі бар 14 жастағы жасөспірім көз жұмды: орталықтағы кондиционерге қатысты дау шықты
Қостанайда ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы жасөспірім қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz.
«Қостанай облысының Құқық қорғау орталығы» ҚБ мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 28 шілдеде Қостанай қаласындағы Красносельская көшесі 22 мекенжайында орналасқан балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болған. 14 жастағы мүгедектігі бар бала күндізгі ұйқы кезінде көз жұмған.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, баланың жүрегі тоқтаған. Олар қайғылы жағдайға ғимарат ішіндегі жоғары температура мен ауаның жеткіліксіз болуы әсер етуі мүмкін деген болжам жасаған. Сонымен қатар өлімнің нақты себебі медициналық сараптама нәтижесінде анықталатыны айтылды.
Құқық қорғау орталығына жүгінген қызметкерлердің сөзінше, балалар жататын бөлмелерге кондиционер орнату мәселесі бұған дейін бірнеше рет көтерілген. Алайда олардың өтініштері орындалмаған. Қызметкерлердің айтуынша, салқындатқыш құрылғылар әкімшілік қызметкерлерінің кабинеттерінде болған.
Құқық қорғаушылар бұл ақпарат расталған жағдайда, ерекше күтімді қажет ететін балалардың жағдайына қатысты сұрақ туындайтынын атап өтті. Ұйым қайғылы оқиғаға байланысты жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізілуі қажет деп санайды.
Атап айтқанда, балалар орналасқан бөлмелердегі температура мен ылғалдылық деңгейін, желдету жүйесінің жұмысын, климаттық жабдықтардың жағдайын, балаға медициналық көмектің дер кезінде көрсетілген-көрсетілмегенін тексеру ұсынылды. Сонымен қатар мекеме басшылығы мен жауапты мемлекеттік органдардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне де баға берілуі керек.
Құқық қорғау орталығы бұл мәселе тек тұрмыстық жағдайға қатысты емес, мемлекет қамқорлығындағы балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне байланысты екенін мәлімдеді. Ұйым Қостанай облысының әкімдігінен, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарынан ресми түсініктеме беруді сұрады.
Әкімдік не дейді?
Қостанай облысы әкімдігінің Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 28 шілдеде балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленушінің қайтыс болғанын растады.
Басқарманың мәліметінше, осы факті бойынша Қостанай қалалық полиция басқармасының Солтүстік полиция бөлімі қылмыстық істі тіркеген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалған.
Ведомство орталықта балаларға тәулік бойы қажетті күтім көрсетілетінін атап өтті. Топтарда кіші медициналық персонал тұрақты бақылау жүргізеді, ал медициналық бекеттер тәулік бойы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері мен мекеме басшылығы балаларды күніне екі рет аралап, медициналық тексеруден өткізеді.
Орталықта педиатр, невропатолог және басқа да бейінді мамандар жұмыс істейді. Басқарманың хабарлауынша, қайғылы жағдайға дейін баланың денсаулығы қанағаттанарлық деп бағаланған. Оның дене қызуы көтерілмеген және ешқандай шағымы болмаған. Бала белсенділік танытып, түскі асын ішкеннен кейін күндізгі ұйқыға жатқан.
Әкімдік өкілдері орталықтағы әр топта кондиционер орнатылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар аптап ыстыққа байланысты балалардың ауыз су ішуі мен бөлмелердегі температуралық режимді сақтау мәселесі ерекше бақылауға алынған.
Қазіргі уақытта 14 жастағы баланың өліміне қатысты жағдай Қостанай облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тікелей бақылауында.
Тергеу мен сараптамалардың қорытындысы жасөспірімнің өлімінің нақты себебін анықтауға мүмкіндік береді.
Соңғы жаңалықтар