Қылмыс кеміген, қайтқан қаржы көбейген: Сәденов Тоқаевқа есеп берді
Қылмыс саны азайып, тергеу барысында қайтарылған ақша көбейген. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы 9 айдың қорытындысын осылай баяндады, деп хабарлайды Politico.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде министр елдегі қылмыс ахуалы, қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау жөніндегі президент тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімет берген.
Сәденовтің айтуынша, қылмыс деңгейі былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 15 пайызға төмендеген. Бұл санға шаққанда 11 мыңнан астам қылмысқа аз деген сөз. Аса ауыр қылмыстар, қоғамдық орындар мен көшелердегі, отбасы ішіндегі құқық бұзушылықтар кеміген. Кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталғандар арасында да көрсеткіш төмендеген.
Бұрынғы жылдары жасалған 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылған. Министр заманауи сараптама құралдары, соның ішінде ДНҚ зерттеулері көп жыл бұрынғы істерге қатысы бар адамдарды анықтауға көмектесіп отырғанын жеткізді.
Полицияға тұрғындар да ақпарат беріп жүр. Жыл басынан бері азаматтардың, еріктілер мен қоғамдық көмекшілердің мәліметі арқылы 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған. Сәденов мұны қоғамда заң бұзуға төзбеу дағдысы қалыптасып келе жатқанының белгісі ретінде атады.
Шетелдік құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде іздеуде жүрген 1 039 адам табылған. Өзге елдерде бой тасалаған 154 адам ұсталып, шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстанда тағы 537 адам құрықталған. Министрдің сөзінше, мұндай ынтымақтастық қылмыс жасағандардың жазадан құтылып кетпеуіне ықпал етеді.
Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан қылмыстық істер бойынша жыл басынан бері 49 миллиард теңге қайтарылған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 22,5 пайызға көп.
Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам ақша қайтарылып, мұндай қылмыстар саны 21 пайызға азайған. Олардың алдын алу үшін 8,7 мың алаяқтық және жеке деректерді алдап жинайтын сайт, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталған.
Сәденов қоғамдық қауіпсіздікті сақтау үшін цифрлық құралдарды қолдану туралы да айтты. Бейнебақылау желісінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Министрдің мәліметінше, цифрлық шешімдер жол қауіпсіздігін бақылауға да пайдаланылып, апаттың алдын алу жұмысын күшейткен. Жол-көлік оқиғалары 5 пайызға, қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға азайған.
Кездесу соңында Тоқаев қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайту жөнінде бірқатар тапсырма берген.
Соңғы жаңалықтар