Қызылордада ота кезінде науқастың денесінде дәке тампоны қалып қойған

13.08.2026 09:28 Әсел МҰРАТ
Қызылордада ота кезінде науқастың денесінде дәке тампоны қалып қойған
197
Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Қызылорда облысының тұрғыны хирургиялық ота кезінде оның денесінде дәке тампонының (марлеоманың) қалып қойып, соның салдарынан денсаулығына зиян келгенін айтып, медициналық мекемеге қатысты сотқа жүгінген, деп хабарлайды Politico.kz.

Сот анықтағандай, науқасқа кистаны алып тастау бойынша хирургиялық ота жасалған. Алайда отадан кейін оның денсаулығына қатысты мәселелер туындап, ұзақ уақыт бойы ауырсыну, қабыну және асқынған жара мазалаған. Науқас күнделікті таңу процедураларынан өтіп, тиісті ем қабылдауға мәжбүр болған.

Арада екі ай өткен соң ол басқа медициналық мекемеге жүгініп, қайта ота жасатқан. Операция барысында алдыңғы хирургиялық араласу аймағынан дәке тампоны табылып, алынып тасталған.

Денеде бөгде заттың қалғаны ота жасау хаттамасымен, медициналық құжаттармен, бейнежазбамен, сондай-ақ қайта емдеу жүргізілген медициналық мекеме өкілінің түсініктемелерімен расталды.

Сонымен қатар сот науқастың отадан кейінгі асқынуларына қатысты емдеуші дәрігердің медициналық құжаттары мен түсініктемелерін дәлел ретінде қабылдады. Құжаттарда жараның ұзақ уақыт бойы жазылмағаны, қабыну процесінің болғаны және күнделікті таңу қажеттілігі көрсетілген.

Іс барысында медициналық қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі уәкілетті орган жүргізген жоспардан тыс тексерудің нәтижелері де ескерілді. Тексеру кезінде медициналық көмек көрсету барысында бірқатар бұзушылық анықталған.

Атап айтқанда, хирургиялық ота кезінде міндетті стандарттардың сақталмағаны, операциядан кейінгі бақылаудың тиісті деңгейде жүргізілмегені және медициналық құжаттаманың талаптарға сай рәсімделмегені белгілі болған. Медициналық жазбаларда күнделікті мәліметтердің толық көрсетілмеуі, зерттеу нәтижелерінің клиникалық түсіндірмесінің болмауы, сондай-ақ ота кезінде алынған материалдарды зерттеу туралы ақпараттың жоқтығы анықталған.

Сот ұсынылған дәлелдемелерді жан-жақты зерттей келе, жауапкердің кінәсі дәлелденген деген қорытындыға келіп, талап қоюды қанағаттандырды.

Нәтижесінде медициналық мекемеден талап қоюшының пайдасына материалдық залал мен моральдық зиянның орнын толтыру есебінен 1,5 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.

Бұл іс медициналық көмек көрсету кезінде белгіленген стандарттар мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын көрсетеді.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий