«Қызымыз сау еді»: Қосшыдағы балабақшада болған оқиға жұртты шошытты

12.07.2026 09:14 Қарақат АСЫЛОВА
«Қызымыз сау еді»: Қосшыдағы балабақшада болған оқиға жұртты шошытты
217
Фото: freepick.com

Ақмола облысының Қосшы қаласындағы балабақшалардың бірінде болған оқиға қоғамның назарын аударды, деп хабарлайды Politico.kz агенттігі “HALYQSTAN” Telegram арнасына сілтемемен.

Төрт жасар қыз бала қатарластарының шабуылынан ауыр жарақат алып, қазіргі таңда тұрақты ем қабылдап жатыр.

Баланың анасының айтуынша, оқиға болған күні тәрбиеші шамамен 20 минутқа топты қараусыз қалдырған. Осы уақыт аралығында бірнеше бала бүлдіршінді балаларға арналған орындықпен бірнеше рет ұрып, басынан жарақаттаған.

Отбасының мәліметінше, бұған дейін денсаулығында ешқандай кінәраты болмаған қыз бала ауыр жарақаттан кейін ұзақ мерзімді емге мұқтаж болған. Қазіргі таңда дәрігерлердің тұрақты бақылауында, арнайы дәрі-дәрмек қабылдайды. Ата-анасының сөзінше, дәрі қабылдамаса, эпилепсиялық ұстамалар байқалады.

Балабақша әкімшілігі оқиға кезінде тәрбиешінің топта болмағанын растады. Осы жағдайдан кейін тәрбиеші мен балабақша меңгерушісіне қатаң тәртіптік жаза қолданылғанымен, екеуі де қызметтерін жалғастырып жатыр.

Зардап шеккен қыздың ата-анасы кінәлілерді жауапкершілікке тартуды талап етіп, бірнеше рет құқық қорғау органдарына жүгінген. Алғашында қылмыстық құрамның жоқтығына байланысты іс тоқтатылғанымен, отбасының қайта жүгінуінен кейін тергеу қайта басталған.

Қазіргі уақытта Ақмола облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Тергеу аясында барлық қажетті процессуалдық және тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Ал қыздың отбасы бар күш-жігерін оның ем-домына бағыттаған. Баланың күтіміне байланысты әкесі де жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Войдите, чтобы оставить комментарий