Ресейде «Қазақстаннан дрон ұшырылды» деген даулы ақпаратқа қатысты СІМ жауап берді

08.07.2026 22:29 Қарақат АСЫЛОВА
Ресейде «Қазақстаннан дрон ұшырылды» деген даулы ақпаратқа қатысты СІМ жауап берді
196

СІМ Омбыдағы дрон шабуылына қатысты мәлімдеме жасап, Қазақстанға тағылған айыптарды жоққа шығарды, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің кейбір сарапшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарында тараған, Омбы облысына шабуыл жасаған дрондар Қазақстан аумағынан ұшырылған болуы мүмкін деген болжамдарға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Мұндай болжамдар Омбы облысына жасалған дрон шабуылынан кейін Ресейдің бірқатар ақпарат құралдарында жарияланған. Онда кейбір сарапшылар Омбының Қазақстанмен шекаралас орналасқанын алға тартып, ұшқышсыз ұшу аппараттары Қазақстан аумағынан жіберілген болуы мүмкін деген пікір білдірген.

Алайда Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі бұл ақпараттардың шындыққа жанаспайтынын және ешқандай нақты дерекпен немесе дәлелмен расталмағанын мәлімдеді.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі аталған мәлімдемелердің шындыққа сәйкес келмейтінін және ешқандай дерекпен немесе фактімен расталмайтынын жауапкершілікпен мәлімдейді. Мұндай жарияланымдарды Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі достық, стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастардың сипатын бұрмалауға бағытталған негізсіз арандатушылық деп бағалаймыз», – деп мәлімдеді министрлік.

СІМ Қазақстанның бейбітшілікке негізделген, теңгерімді әрі жауапты сыртқы саясат ұстанатынын атап өтті. Сонымен қатар еліміздің халықаралық құқық нормаларын және халықаралық әрі өңірлік қауіпсіздікке қатысты өз міндеттемелерін бұлжытпай орындайтыны айтылды.

Министрлік Қазақстан аумағының, әуе кеңістігінің немесе инфрақұрылымының басқа мемлекеттерге қарсы бағытталған қандай да бір әрекеттерді жүзеге асыру үшін пайдаланылуына жол берілмейтінін ерекше атап өтті.

Соңында Сыртқы істер министрлігі БАҚ өкілдері мен қоғамды тек ресми және тексерілген ақпаратқа сүйенуге шақырып, расталмаған мәліметтерді таратудан бас тартуға үндеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий