Сенім – ең нәзік валюта

05.01.2026 16:09 Арман Ермеков Арман Ермеков
Сенім – ең нәзік валюта
0
295
Фото: pixabay.com/stevepb

Белгілі экономист инфляцияның билікке деген сенімді қалай жоятынын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz

Белгілі экономист Руслан Сұлтанов EconomyKZ.org порталына берген пікірінде қымбатшылықтың мемлекеттік басқару жүйесіне тигізетін залалын талдап, инфляцияның саяси тұрақтылыққа жұмыссыздықтан да ауыр соққы беретінін мәлімдеді. Сарапшының пайымдауынша, қарапайым халықтың билікке деген сенімі макроэкономикалық шешімдердің сапасына тікелей тәуелді болып тұр.

Экономистің дерегіне сүйенсек, соңғы жылдары мемлекетке деген сенім факторы экономикалық саясаттың ең осал тұсына айналды. 2007–2023 жылдар аралығында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (OECD) мүше елдерде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, халықтың небәрі 39 пайызы ғана өз үкіметіне сенім білдіреді. Ал күмәнмен қарайтындардың үлесі бұдан әлдеқайда жоғары. Бұл үрдіс тек пандемия немесе уақытша дағдарыстардың салдары емес, керісінше, ұзақ жылдар бойы қабылданған фискалдық шешімдердің, мемлекеттік шығындардың артуы мен инфляцияның өсуінен туындаған жүйелі мәселе.

Талдау нәтижелері инфляцияның билікке деген сенімді жоюдағы рөлі айрықша екенін дәлелдеді. Егер инфляция 1 пайыздық пунктке өссе, мемлекетке деген сенім шамамен 1,6 пайыздық пунктке төмендейді. Салыстырмалы түрде алсақ, жұмыссыздық дәл осындай деңгейге артқанда, сенім небәрі 1 пайыздық пунктке азаяды.

Мұның басты себебі әсер ету ауқымында жатыр. Жұмыссыздық қоғамның белгілі бір тобын ғана қамтыса, инфляция әрбір азаматтың қалтасына қол сұғады. Ол табысты азайтып, жинақтарды құнсыздандырады және қарыз міндеттемелерінің нақты құнын өзгертеді. Тіпті жалақы өскен күннің өзінде, жоғары баға халықтың әл-ауқаты жақсарды деген сезімді жойып жібереді. Сондықтан қоғам инфляцияны «жасырын салық» ретінде қабылдайды.

Руслан Сұлтановтың айтуынша, нақты табыстың өсуі сенімді қайтаруға септігін тигізеді, бірақ оның әсері шектеулі. Мәселен, жан басына шаққандағы нақты табыс 1000 долларға артса, сенім көрсеткіші 0,14–0,20 пайыздық пунктке ғана көтеріледі. Бұл инфляцияның жойқын күшін толық өтеуге қауқарсыз.

Ең жоғары оң нәтижені әлеуметтік саясат береді. Егер бір адамға шаққандағы әлеуметтік шығындар 1000 долларға ұлғайса, сенім деңгейі 1,3–1,4 пайыздық пунктке өседі. Бұл мемлекеттің халыққа жасаған нақты қамқорлығы ретінде бағаланады. Алайда дәл осы тұста үлкен фискалдық қайшылық туындайды. Әлеуметтік шығындар көбіне қарыз алу немесе қаражатты қайта бөлу есебінен жүзеге асатындықтан, бұл процесс инфляцияны қоздыруы мүмкін. Модель көрсеткендей, егер әлеуметтік төлемдердің кесірінен инфляция 1 пайыздық пункттен асып кетсе, халықтың сеніміне тигізер оң әсер толықтай жойылады. Тіпті инфляция одан әрі өршісе, нәтиже теріс сипат алады.

Мемлекеттік қарыз да сенімге нұқсан келтіретін факторлардың бірі. Жан басына шаққандағы қарыз 1000 долларға артса, сенім 0,22 пайыздық пунктке азаяды. Халық қарыздың көбеюін болашақтағы салықтың өсуі немесе инфляцияның хабаршысы деп түсінеді.

Сарапшы әлем елдеріндегі жағдайға да шолу жасады. Солтүстік Еуропа мемлекеттерінде әлеуметтік жүйе жақсы дамыған және сенім жоғары, бірақ оның өзінде инфляцияны қатаң бақылау басты шарт болып қала береді. Континенттік Еуропада дағдарыс кезіндегі шығындар қысқа мерзімді оң нәтиже бергенімен, артынан инфляция мен қарыздың өсуі сенімді қайтадан құлдыратты. Оңтүстік елдерде бұрынғы дағдарыстардың әсерінен халық қарыз мәселесіне өте сезімтал келеді. Ал Англосаксон елдерінде табыс өсімі инфляцияның теріс әсерін жаба алмай, сенім ұзақ уақыт бойы төмендеп келеді.

Зерттеуде адами капитал мен білім деңгейінің өсуі сенім көрсеткішін төмендететіні айтылған. Себебі білімді қоғам биліктің іс-әрекетіне сыни көзбен қарап, талапты күшейте түседі. Сонымен қатар инфляция деңгейі 5 пайызға жеткенде, халықтың сенімі ең төменгі шекке түсетіні анықталды.

Қазақстан үшін бұл механизмдердің маңызы зор. Елімізде әлеуметтік шығындар мен фискалдық ынталандыру шаралары инфляциямен тығыз байланысты. Руслан Сұлтанов мемлекет сенімді тек ақша тарату арқылы сатып ала алмайтынын ескертеді. Сенім макроэкономикалық тұрақтылық, ашықтық және бюджеттік тәртіп арқылы ғана қалыптасады. Инфляцияны елемей жүргізілген кез келген әлеуметтік саясат түбінде билікке деген сенімді әлсіретіп тынады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий