ШҚО-да жолда тас көшкіні болды: төтенше оқиғаның мән-жайы (ВИДЕО)

ШҚО-да жолда тас көшкіні болды: төтенше оқиғаның мән-жайы (ВИДЕО)
Фото: видеодан скрин/instagram.com/vkovteme

Шығыс Қазақстан облысындағы республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» автожолының бір учаскесіне жартастан тас пен тау жыныстары құлады, деп хабарлайды Politico.kz.

Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде лезде тарап, жүргізушілер арасында кеңінен талқыланды.

Куәгерлердің сөзінше, тас түскен уақытта бұл маңда автокөліктер болмаған, соның арқасында ешкім зардап шекпей, көліктер бүлінбеген. Алайда жол бойында шашылып жатқан ірі тастар мен ұсақ жыныстар жүргізушілердің қозғалысына кедергі келтіріп, оларды айналып өтуге тура келген.

Аталған жағдайға қатысты «ҚазАвтоЖол» ҰК облыстық филиалы ресми мәлімдеме жасады. Мамандардың хабарлауынша, тас көшкіні күндіз тасжолдың 25-шақырымында орын алған.

«Бүгін сағат 14:00 шамасында жолды патрульдеу барысында республикалық маңызы бар «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнарлары» тасжолының 25-шақырымында тас құлағаны анықталды. Қазіргі таңда көліктердің кедергісіз әрі қауіпсіз қатынауына жағдай жасалды. Тас көшкінінің салдарын жою жұмыстары әлі де жүргізілуде», – деп мәлімдеді компания өкілдері.

Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегімен жолдың жүру бөлігі тас үйінділерінен толық тазартылды. Дегенмен қайтадан тас құлау қаупі сақталғандықтан, мамандар аталған аумақты тұрақты бақылауда ұстап отыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу