Шымкентте еркек бұрынғы әйелінің бетіне қышқыл шашып жіберген: полиция не дейді?
Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашып, оны ауыр жарақаттаған. Қазіргі таңда жәбірленуші ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, ерлі-зайыптылар шамамен бес жыл бұрын ажырасып кеткен. Олардың ортақ баласы бар. Әйел осы уақытқа дейін сұлулық салонында жұмыс істеп келген.
Оқиға болған күні ер адам бұрынғы жұбайына басқа телефон нөмірінен хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған. Ол әйелден кешкі уақытта қабылдауын сұраған. Салонға келген кезде алдын ала дайындап әкелген қышқыл сұйықтықты әйелдің үстіне шашқан.
Шабуыл салдарынан жәбірленушінің басы, беті, мойны, кеудесі, қолы, арқасы мен иығы қатты күйіп қалған.
Алдын ала болжам бойынша, жанжалға несие және алимент төлеуге байланысты мәселелер себеп болуы мүмкін. Бұл оқиғаға қатысты полиция түсініктеме берді.
«2 тамызда дене жарақаттарымен Шымкент қаласының тұрғыны ауруханаға жеткізілді. Анықталғандай, оның бұрынғы күйеуі алдау жолымен кездесуге шақырып, әйелдің үстіне сұйықтық құйып, оқиға орнынан бой тасалаған. Аталған дерек бойынша Полиция департаментімен қылмыстық іс қозғалды. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктінің кім анықтап, сол күні Алматы қаласында ұстады», - делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта күдікті ұсталды, қамауға алынды.
Соңғы жаңалықтар