Танымал тележүргізуші өмірден озды
Журналистика саласында өзіндік орны бар қазақстандық тележүргізуші әрі журналист Индира Жылқайдарова дүниеден өтті. Қаралы хабарды журналист Жігер Сәрсен әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оның жазуынша, Индира Жылқайдарова соңғы төрт жыл бойы ауыр дертпен күрескен.
«Индира әріптесімізден айырылып қалдық. Қаралы хабарды естіп, төбемізден жай түскендей күй кешіп отырмыз. Соңғы төрт жыл бойы ол ақтық демі қалғанша ауыр дертпен арпалысты. Ауруды жеңіп, қатарға қосыламын деген қайсарлығы мен алға ұмтылған жігері де ажалға қарсы тұра алмады. Арманы асқақ, әлі де атқарар ісі көп еді. Амал не?» – деп жазды Жігер Сәрсен.
Индира Жылқайдарова отандық журналистикада ұзақ жылдар еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен танылды. Оның еңбек жолындағы маңызды кезеңдер «Хабар» агенттігі мен «7 арнадағы» қызметімен байланысты. Сондай-ақ ол парламенттік журналистика саласында бірнеше жыл жұмыс істеп, Мәжілістегі оқиғаларды, депутаттардың бастамалары мен заң шығару үдерісін тұрақты түрде ақпарат құралдарында жариялап отырды.
Соңғы жаңалықтар