Таразда 345 миллион теңгеге заңсыз айыппұл салынған
Тараз қаласында ондаған мың жүргізуші заңсыз айыппұл төлегені анықталды. Бұл туралы прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты HALYQSTAN-ға сілтемемен.
Тексеру барысында Сүлейменов көшесіндегі 40 км/сағ жылдамдықты шектеу белгісі заң талаптарын сақтамай орнатылғаны белгілі болды. Аталған жерде бейнекамералар жылдамдықты асырған көліктерді тіркеп, жүргізушілерге айыппұл туралы қаулылар жіберілген. Көпшілік белгі заңсыз қойылғанын білмей, айыппұлдарды төлеп отырған.Прокуратура мәліметінше, тек бір нүктенің өзінде 32 260 әкімшілік хаттама рәсімделіп, жалпы сомасы 345 349 309 теңгені құраған. Осылайша бірнеше ондаған мың азаматтың құқығы бұзылған.
Мәселенің мән-жайы қала тұрғыны Рүстенбек Үмірзахов прокуратураға жүгінгеннен кейін белгілі болған. Қадағалау органы жүргізген тексеріс жол қозғалысын ұйымдастыру кезінде қажетті келісімдер мен жол жағдайына талдау жасалмағанын көрсетті. Демек, жүргізушілер заң талаптарына сай келмейтін шешім негізінде жауапкершілікке тартылған.
Кейінірек дау тудырған жол белгісі алынып тасталғанымен, шығарылған қаулылар күшінде қалып, төленген қаражат қайтарылмаған.
Тағы бір тұрғын Светлана Бояркина айыппұлды сотта даулап, істі жеңіп шықты. Сот жол қозғалысын ұйымдастыру талаптары сақталмағанын атап өтті. Полиция бұл шешімге шағым түсірмеген. Алайда айыппұлдардың күші жекелеген жағдайларда ғана жойылған.
Қазір полиция департаменті прокурорлық қадағалау актісін қарап, анықталған заңбұзушылықтарды жоюы тиіс. Оның ішінде жүргізушілерге қаражатты қайтару мәселесі де бар.Полиция өкілдері жол белгілерін орнату жергілікті әкімдік құзыретіне жататынын мәлімдеді. Ал әкімдік мұндай жұмыстар полицияның ұйғарымы негізінде жүргізілетінін айтқан.
Соңғы жаңалықтар