Тасмағамбетовтің орнына кім келетіні белгілі болды
Жаңа жылдан бастап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының басшылығы өзгереді. Иманғали Тасмағамбетовтің орнын Қырғызстан өкілі Таалатбек Масадықов басады, деп хабарлайды Politico.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді. Кремль өкілінің айтуынша, ауыс-түйіс мәселесі ұйымға мүше барлық тараппен келісіліп қойған.
Қазіргі таңда Таалатбек Масадықов ұйымның Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарады. Сондықтан жаңа басшы хатшылық жұмысына бірқалыпты әрі жатық кірісіп кетеді деп күтілуде. Ол ресми түрде 1 қаңтардан бастап міндетіне кіріспек.
Айта кетейік, 27 қарашада Бішкекте өтетін ҰҚШҰ саммитінде Иманғали Тасмағамбетов қорытынды баяндама жасайды. Ол өңірлік қауіпсіздік мәселелері мен ұйымның сессияаралық кезеңдегі жұмыс нәтижелеріне тоқталмақ.
Ресми жиынның соңында қазақстандық дипломатқа құрмет көрсетілмек. Юрий Ушаковтың сөзінше, Иманғали Тасмағамбетовке атқарған еңбегі үшін ҰҚШҰ-ның бірінші дәрежелі құрмет белгісі табысталады.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Иманғали Тасмағамбетовтің Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы ретіндегі үш жылдық мерзімі аяқталғанын жазған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар