Теміртауда әйелді өлтірді деген күдікті оны іздеуге өзі де қатысқан
Теміртауда екі ай бұрын жоғалып кеткен 38 жастағы Ирина Керннің өліміне қатысты жаңа мәлімет белгілі болды. Марқұмның әпкесінің айтуынша, әйелді өлтірді деген күдікке ілінген ер адам оны іздеуге өзі де қатысып, полицияны жаңылыстырған, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтемемен.
Ирина Керн 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалған. Оны туыстары, еріктілер мен әскери қызметкерлер іздеген. Кейін әйелдің бөлшектелген денесі Теміртаудан 22 шақырым жердегі шипажай аумағындағы көлден табылды.
Қылмысқа күдікті ретінде марқұммен бірге тұрған 40 жастағы ер адам ұсталды. Ол осы шипажайда от жағушы болып жұмыс істеген.
Марқұмның әпкесі Анастасия Духованың айтуынша, күдікті Иринаны шамамен жарты сағат бойы ұрып-соққан.
«Ол, шамамен, жарты сағат бойы сіңлімді ұрып-соққан. Одан кейін марқұмның денесін қорлап, бөлшектеген. Сосын көлікпен алып кетіп, көлге тастаған. Сөйтіп алып, іздеуге өзі де қатысты. Бірақ сіңлімнің өліміне қатысы барын айтпай, полицейлерді жаңылыстырды. Ирина үйден өз еркімен кетіп қалды деп сендіріп келді», – деді ол.
Иринаның артында үш баласы қалды. Оның ішінде күдіктімен ортақ 3 жастағы баласы бар. Енді балаларды марқұмның әпкесі тәрбиелемек. Ол кінәлі адамның қатаң жазалануын талап етіп отыр.
Ирина Кернді жерлеу рәсімі 19 қарашада өтеді.
Соңғы жаңалықтар