Теміртауда зейнеткерді ұрып соғып, бетіне түкірген жасөспірімдерге сот үкімі шықты
Қарағанды облысында қоғамды дүр сілкіндірген оқиға бойынша сот шешімі жарияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Теміртауда бір топ жасөспірімнің зейнеткерді ұрып-соғып, оны видеоға түсірген ісі қаралды. Сотта бұл іске тоғыз адам айыпталушы ретінде тартылғаны белгілі болды. Олар бірнеше рет топ болып, тұрғын үйге заңсыз кіріп, тонау әрекеттерін жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Анықталғандай, 2025 жылдың ақпанында жасөспірімдер 68 жастағы ер адамның үйіне екі мәрте басып кірген. Қарияның әлсіздігін пайдаланып, оны ұрып-соғып, қорлап, тіпті бетіне түкірген. Болған жағдайды олар ұялы телефонға түсіріп отырған. Осының салдарынан жәбірленуші түрлі жарақат алып, мүлкінен айырылған. Сонымен қатар айыпталушылардың бірі кейін тағы бір адамға ұқсас шабуыл жасап, ақша мен бағалы заттарын алып кеткені анықталды.
Сот барысында айыпталушылардың кінәсі дәлелдермен толық расталды. Прокурор қатаң жаза сұраса, қорғау тарапы жеңілдік қарастыруды өтінген.
Нәтижесінде сот нақты мерзімдер белгіледі: бір айыпталушы 7 жылға сотталды, бір жасөспірім 6 жыл 6 айға, тағы екеуі 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Қалғандарына 5 жыл жаза тағайындалды.
Сот олардың жасын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Соңғы жаңалықтар