Тоқаевтың сотқа сауалы не үшін қажет болды – саясаттанушы түсіндірді
Конституциялық соттың президенттік мерзімді жаңадан есептеу туралы шешімі кезекті сайлауға емес, шұғыл кадрлық тағайындауларға байланысты қабылданған. Бұл туралы саясаттанушы Талғат Қалиев мәлімдеді, деп жазады Politico.kz.
Сарапшының сөзіне қарағанда, көпшілік соттың бұл нормативтік қаулысын Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі сайлауға түсу құқығымен ғана байланыстырып үлгерген. Алайда сайлауға әлі 3 жыл уақыт бар болғандықтан, мұндай құқықтық бағаны кейінірек те алуға толық мүмкіндік болды.
"Конституциялық соттың үкімі бойынша жаңа Негізгі заң жаңа есепті бастайды. Яғни, бұрынғы Конституция аясындағы барлық мерзімдер жаңасында ескерілмейді, тиісінше ешкімде шектеу туындамайды", – деді Талғат Қалиев.
Ол сауалдың негізгі себебі жаңа құқықтық шындық жағдайында Бас прокурор мен Жоғарғы және Конституциялық соттардың төрағаларын тағайындау қажеттілігінен туындағанын алға тартты. Жаңа Конституцияда аталған лауазым иелері үшін де бір мерзім түріндегі шектеулер бекітілген.
"Сондықтан бұл түсіндірмені болашақ президенттік сайлау контексінде қарастырмай, тағайындаулар туралы жарлықтардың жобаларын дайындау және оларға енгізілетін кандидатураларды қарау жағдайындағы техникалық нақтылау ретінде қабылдау керек", – дейді саясаттанушы.
Соңғы жаңалықтар