Трамптың өкілі Мәскеу мен Киевке қойылған талаптарды ашты

Трамптың өкілі Вашингтон Мәскеу мен Киевке қандай талап қойғанын айтты, деп хабарлайды POLITICO.KZ Азаттық Радиосына сілтеме жасап.
АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеу мен Киевке бір-бірімен тікелей келіссөз жүргізу жөнінде талап қойған. Бұл туралы Breitbart басылымына берген сұхбатында Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф мәлімдеді.
«Оның (Трамптың) пікірінше, егер келіссөз өтпейтін болса немесе жақын арада өтпесе, онда Америка Құрама Штаттары бұл жанжалдан аулақ кетіп, не болатынына қарамастан, оған араласпағаны жөн», — деді Уиткофф Трамп жайлы. Ол сөзін жалғастырып: «Біз араағайын болуға дайынбыз. Бірақ бұл біздің соғыс емес. Бұл соғысты біз бастаған жоқпыз. Бірақ біз оның аяқталуына көмектескіміз келеді», – деді.
Уиткофф Украинадағы соғысты «ақымақтық» деп атап, оның «басталмауы тиіс еді» деп мәлімдеді. Ол Ресей мен Украина президенттері жақын арада кездесуі мүмкін деп есептейді.
Бұл сұхбат өткен аптада, Ресей президенті Владимир Путин Украинадан Стамбулда тікелей келіссөз жүргізуді талап етерден бұрын және Украина президенті Владимир Зеленский Стамбулға өзі барып, Путинді бетпе-бет кездесуге күтемін деп уәде бергенге дейін жазылып алынған.
Осыдан кейін Трамп та Стамбұлдағы кездесуге қатысуға дайын екенін аңғартты. Кремль Путинді Стамбулға жеке келуге шақырған Зеленскийдің талабына байланысты нақты жауап бермей, тек Мәскеу тікелей келіссөзге қайта оралу қажеттігі жөніндегі өз ұстанымын білдіргенін айтты.
Соңғы жаңалықтар





