Түрме басқарған сотты болды
СҚО Ольшанка елді мекеніндегі №52 түзеу мекемесінің бұрынғы бастығы Рүстем Рахметов сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Мекемені 2024 жылдың желтоқсан айынан бері басқарған 45 жастағы Рүстем Рахметов жазасын жеңілдеткісі келген тұтқыннан 200 мың теңге сұраған. Ол бұл қаражатты лауазымды тұлғаларға беремін деп алдап, шын мәнінде өз қалтасына баспақ болған. Алайда сотталған азамат ҰҚК шағым түсіріп, 19 ақпан күні арнайы белгісі бар ақшаны алған мекеме басшысы өз пәтерінде қолға түсті.
Кінәсін толық мойындаған экс-бастыққа Петропавл қалалық соты 3 млн теңге айыппұл салды. Сонымен қатар ол «әділет подполковнигі» шенінен және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Егер ол үкім күшіне енгеннен кейін 1 ай ішінде айыппұлды төлемесе, жаза бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін. Бұған қоса одан мемлекет пайдасына 31 мың теңге сот шығыны мен жәбірленушілер қорына 86 500 теңге өндірілді.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, жақында Павлодардағы №45 түзеу мекемесінің басшысы сотталған болатын.
Соңғы жаңалықтар