ҰҚК Айдос Есполовтың ұсталғанын растады

28.11.2025 07:26 Арман Ермеков
ҰҚК Айдос Есполовтың ұсталғанын растады
0
246
коллаж Politico.kz

ҰҚК «Астана ЭКСПО-2017» ісі бойынша Назарбаевтар әулетімен байланысы бар шенеуніктің ұсталғанын растады, деп хабарлайды Politico.kz.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы кеңесшісі Айдос Есполовтың ұсталғанын ресми түрде растады. Құзырлы орган тергеу амалдарының жүріп жатқанын хабарлағанымен, Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сай істің егжей-тегжейін жариялаудан бас тартты.

Дереккөздердің мәліметінше күдіктіні 20 қараша күні Астана қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері бірлесіп қолға түсірген. Оған халықаралық көрме жобасынан 2,2 миллиард теңге жымқырды және аса ірі көлемде пара алды деген ауыр айып тағылып отыр.

Бұл есімнің қоғам назарына қайта ілігуі кездейсоқ емес. Биылғы сәуір айында Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Астана ЭКСПО-2017» көрмесіне бөлінген қаржының талан-таражға түсуіне қатысты ескі істі қайта қозғаған еді. Депутат ұлттық компания басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Мұрат Омаровтың дәйектерін алға тарта отырып, Есполовтың кезінде қомақты пара алғанын ашық айтқан болатын. Алайда ол кездегі тергеу құжаттарында шенеунік «анықталмаған тұлға» ретінде көрсетіліп, жазадан құтылып кеткен.

Парламент қабырғасында айтылған мәліметтерге қарағанда Есполовтың қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетуіне сол тұстағы ықпалды тұлғалар тікелей әсер еткен көрінеді. Атап айтқанда Үкіметті басқарған Кәрім Мәсімов пен қаржы полициясының тізгінін ұстаған Қайрат Қожамжаровтың араласуымен іс жылы жабылған деген болжам бар. Қазіргі таңда Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін қамауда отырса, Қожамжаров құқық қорғау органдарының құрығы жетпейтін жерде жүр. Естеріңізге сала кетейік, мемлекет қазынасынан 10 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырылған EXPO-2017 дауы бойынша ұлттық компанияның экс-басшысы Талғат Ермегияев 14 жылға сотталған еді.

Айдос Есполов қарапайым шенеунік емес, ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақын шеңберіне қатысы бар тұлға ретінде танымал. Ол Назарбаевтың бейресми үшінші әйелі саналатын Әсел Құрманбаеваның туған ағасы. Дегенмен бұған дейін журналист Гүлжан Ерғалиева екеуінің арасында туыстық байланыс жоқ екендігі туралы мәлімдеме жасаған болатын. Сонымен қатар Есполов кезінде Болат Назарбаевтың қызы Гүлмира Назарбаевамен некеде болған. Тіпті Гүлмираның алғашқы некесінен туған ұлы Нұрсайынды өз атына жаздырып, асырап алған және екеуінің ортақ некесінен Нұрболат есімді ұлдары бар. Оған қоса күдікті Еуразиялық технологиялық университеті мен «Alatau Asset Management Company» серіктестігінің құрылтайшысы болып табылады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий